Денис — әлемде санаулы спортшы орындай алатын бильман элементінің шебері

Мәнерлеп сырғанау тарихында алғаш рет швейцар спортшысы Денизе Бильманн мейлінше керіліп тұрып, үлкен жылдамдықпен бірнеше мәрте айналады. Осыдан соң спортшының құрметіне бұл элемент «бильман» аталып кетті. Денизеден кейін мұны қайталаған әйел спортшылар көп. Алайда бұл ер спортшылардың оң жамбасына сай келмеді. Әлем бойынша бильманды орындаған ер мәнерлеп сырғанаушылардың қатары сирек.

Бильманды орындауымен мәнерлеп сырғанау тарихында қалған Евгений Плющенко, Шон Сойер, Морис Пфайфхофер, Юдзуру Ханю тәрізді спортшылардың қатарында Денис Теннің де есімі ерекше аталады. Қазақстандық спортшы бұл элементті алғаш 2009 жылғы әлем чемпионатының ерікті бағдарламасында орындап, көзге түсті.

Денис орындайтын күрделі элемент — үштік аксель

Мәнерлеп сырғанаудың тәртібінде «секіру» — міндетті элемент. Бұл спорттағы секіру екі топқа бөлінеді: қабырғалы (рёберные) және азулы (зубцовые). Қабырғалы секіру өз ішінде  «сальхов», «риттбергер» және «аксель» деп бөлінсе, азулы секіру  «тулуп», «флип» және «лутц» деп жіктеледі. Бұлардың ішіндегі ең күрделісі — аксель.

Орындаушы өзге әдістерде артқа қарай секірсе, аксельде алға қарай секіреді. Бір жарым айналым «бір аксель», үш жарым айналым «үштік аксель» деп есептеледі. Жарыстарда төрт аксель орындаған бірде-бір спортшы жоқ.

Ал Денис Тен үштік аксельді әлем чемпионатында да, Олимпиада кезінде де бірнеше мәрте орындаған еді.

Қабырғалы секіру түрінің бірі — сальхов. Мұнда дененің кеңістікте айналуы басқа секірістерге қарағанда көбірек орындалaды. Мұзға түсетін кезде спортшы секіруге екпін қосатын бос тұрған аяғын сілтеуі керек. Кеңістікте қанша рет айналса, сонша сальхов орындаған болып саналады.

Қазіргі бағалау жүйесі бойынша бір сальховқа 0,4 балл, екілік сальховқа 1,3 балл беріледі. ISU халықаралық федерациясы спортшыларды ынталандыру үшін төрттік сальховқа берілетін балды арттырып келеді. Қазіргі уақытта төрттік сальховты орындаған мәнерлеп сырғанаушыға 10,5 балл беріледі. Ал үштік салхов үшін 4,5 балл қоса алады.

Сочи Олимпиадасында Денис төрттік сальховты көркем орындап, жоғары балл алған болатын.

Мықты мәнерлеп сырғанаушылар төрттік айналымдарды көбірек орындауға тырысады.  Бірнеше секіру элементін қатар орындап, каскад жасауға тырысады. Секірудің биіктігі тірейтін аяқтың серпілуіне және бос аяқтың сілтеуіне байланысты болады. Мұндай элементтерді орындағаннан кейін әдемі қону да үлкен шеберлікті қажет етеді.

Сочи Олимпиадасында Денис Тен осындай ең күрделі элементтердің жиынтығын көрсетті. Төрттік тулуп, үштік аксель және үштік тулуп (бұл екеуі каскад болып есептеледі), үштік лутц пен екілік аксель (каскад) элементтерін де таза орындады.

Бұл додада Денис элементтер үшін 88,90, компоненттер үшін 88,14, жалпы есепте 171,04 балл жинады. Олимпиада чемпионы Юдзуру Ханюдың көрсеткішінен қазақстандық спортшының ұпайы 7,6 балға кем болды.

Денис 2013 жылғы әлем чемпионы болар ма еді?

Қазақстандық спортшы 2013 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген еді. Алайда «Денис алтын алуы тиіс» деп, ISU халықаралық коньки федерациясына шағым түсіргендер болды. Америка журналисі Моника Фридлендер халықаралық коньки федерациясы президенті Оттавио Чинквантa мен ХОК басшысы Жак Роггенің атына арнайы хат жазып, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушыға алтын медаль беруді талап ету үшін арнайы петицияға қол жинады.

Канадада өткен жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ерікті бағдарламада үздік нәтиже көрсеткеніне қарамастан Канада спортшысы Патрик Чаннан 1,30 балл қалыс қалып, күміс медальді қанағат тұтқан болатын. (Ерікті бағдарламада Денис Тен 174,92 балл, ал Патрик Чан 169,41 балл жинаған еді.)

Алайда петиция нәтижесіз болып, қазақстандық спортшы тарихта мәнерлеп сырғанаудан 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері болып қалды. Бұдан кейін Денис 2015 жылы Шанхайда өткен әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Аяқасты қазасына дейін ол конькишілердің халықаралық одағының рейтингінде 9-орында тұрған еді.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні кісі қолынан қайтыс болды. Денис Теннің қазасы күллі әлем жұртшылығын тебірентті.

Айта кетейік, ертең, 8 тамыз күні «Матч ТВ» арнасынан ресейлік белгілі мәнерлеп сырғанаушы, Денистің досы Алексей Ягудиннің «Тает лед» бағдарламасының қазақстандық спортшы жайлы арнайы шығарылымы көрсетіледі.