Батыс Қазақстанда «Бабадан қалған бар байлық» фестивалі өтті

Шараға облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Е.Молдағалиев, Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева, Мерей ауылдық округінің әкімі М.Нарыков, «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі М.Нұрмақова және ансамбль мүшелері, облыстық «Батагөй қария» байқауының жүлдегері Ж.Үмбетәлиев, аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары, Тоғайлы ауылының тұрғындары, жастар мен оқушылар қатысты.

Елбасының бағдарламалық мақаласында туған жерге, кіші Отанды қастерлеуге, рухани мұраларымыз бен төл мәдениетімізді асқақтатуға ерекше көңіл бөлінген. Ата-баба қанымен бойға дарып, үлкен мен кіші арасында алтын көпір болған дәстүрлі құндылықтарымызды ұрпаққа насихаттау бүгінгі күннің басты бағдары болып тұр.

Фестивальдің салтанатты ашылуынан соң қыз-келіншектер сиыр, бие сауудан, ер-азаматтар ат ерттеуден бақтарын сынады. Одан әрі қыз-келіншектер киіз басу, ою-өрнек оюдан шеберлік сағаттарына қатысса, ерлер серке көтеруден, асық атудан жарысып, аламан бәйгеде шабандоздық шеберліктерін байқасты. Тұрғындар арқан тартыс, қыз қуу секілді ұлттық ойындарға белсене араласты.

Шараның шырайын келтірген «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблі ән—жырдан шашу шашып, ұлттық құндылықтарымызды паш етті. Шара соңында Тоғайлы тұрғындары келген қонақтарға арнап қой сойып, ет асып, дәмнен ауыз тигізді.

Дастархан басында дәстүрлі әніміз шырқалып, күйіміз күмбірленді. Жайлау-фестиваль — халыққа зор тыныс, үлкен серпіліс берген жарқын бастама болды. Ең бастысы, шарада жас ұрпақ бабадан қалған байлық — ата салтымызды, тарихи құндылықтарымызды бойларына түйіп кетті.