Алматы қаласының әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының аумақтық филиалы «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауын ұйымдастыруға биыл да атсалысты. Мақсат — «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуде айтылған міндеттерді іске асыру, мүмкіндігі шектеулі жастар құқығын қорғау және олардың өмір сүру деңгейін жақсарту.
Байқау 20 сәуірде жарияланып, 30 маусымда өтініш қабылдау аяқталды. Оның шартымен «Нұр Отан» партиясының, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Астана және Алматы қалалары мен облыстар әкімдіктерінің ресми сайтынан танысуға болады.
Алдымен байқаудың аумақтық іріктеу сыны өтті, одан іріктелгендер өңірлік байқауға қатысады. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары 31 шілдеге дейін анықталады. Бұдан соң үздіктердің үздігі республикалық сында белгілі болады.
«Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының іріктеу кезеңіне алматылықтар айрықша белсене қатысты. Барлығы — 13 жоба. Іріктеу кезеңінде қатысушылар әлеуметтік жобаларымен таныстырып, бейнероликтер көрсетті. Қатысушылардың еңбегін «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, Кәсіпкерлер палатасының, қала әкімдігінің өкілдерінен тұратын конкурстық комиссия бағалады. Енді алғашқы сыннан өткен үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, мүгедектер ұйымдары, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға бағытталған басқа да мекемелер жеңімпаз атанудан үмітті.
Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру арқылы өмірде қиын жағдайда қалған 250 мыңнан астам адамға жәрдем көрсетіледі. Қазір кезде байқауға республика бойынша 312 жоба қатысып жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі байқау жеңімпаздарына жобаларды іске асыру үшін ақшалай сертификаттар табыс етеді.