Басты бетЖаңалықтарАтырауда "Саламатты...

Атырауда «Саламатты əдеттер» марафоны басталды

Марафон 11 шілде күні Атыраудағы «Ретро парк» саябағында басталды. Бүгінгі шара №7 қалалық емхана мен Атырау медициналық колледжінің және салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр. Мұндағы басты мақсат  — әрбір адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру.

Марафон 5 станциядан тұрады: халық денсаулығына кері әсерін тигізетін тұздан сақтану; күніне 2 литр су ішу; жеміс-жидектер станциясында витаминдердің адам денсаулығына пайдасын түсіндіру; шұғыл жағдай кезінде орындауға тиіс іс-әрекеттермен таныстыру; күніне 10 мың қадам жаяу жүру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы тапсырмаларды күнделікті орындау денсаулықты нығайтады.

«Марафонда қойып отырған талаптарымызды әр мекеме және тұрғын өз деңгейінде жалғастыруы қажет. Қыркүйек айының 8-інде материалдар республикаға жолданып, қорытындысы шығады. Осы марафонның ережелерін орындағандар арнайы алғысхаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталады», — дейді Атырау медицина колледжінің директоры Лаура ҚҰбаева.

Айта кетейік, бастамаға қатысушылар міндетті түрде салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының әлеуметтік желілеріне тіркеліп, бастаманы қолдайтынын сурет, бейне немесе «денсаулық кепілі саламатты әдеттер марафоны» хештегі арқылы жариялауы қажет.