Халықаралық сәулетшілер конгресі
Халықаралық сәулетшілер конгресі. Фото: inform.kz

Халықаралық сәулетшілер конгресін Қазақстан Републикасының елордасында өткізу Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында орайластырылды. Заманауи дүниежүзілік сәулет өнерінің әлемдік трендтері,оның архитектуралық келбеті – елорданың айшықты ерекшелігі. Әлбетте, бұл әлемге әйгілі сәулетшілер мен сәулет өнерінің отандық майталмандарының шығармашылығындағы үндестік нәтижесі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру, қазақстандық қоғамды жаңғырту жағдайында еліміздің қалалары мен елді мекендерінің әлеуметтік ортасын одан әрі дамыту, сондай-ақ жетілдіру мәселесі туындап отыр. Өз кезегінде Астана елорда ретінде еліміздің мәдени бет-бейнесін көрсетеді. Астананың елорда ретіндегі келбеті ғасырлар бойы сақталатындай қалыптастырылып, сәйкесінше оны дамыту үшін ерекше ойластырылған сәулеттік идеялар мен шешімдер қажет. Алайда әлемдік сәулет өнеріндегі жетістіктерге бейімделу ұлттық дәстүрлердің жоғалуына әкелмеуі тиіс.

Конгресс мақсаты: кәсіби тәжірибе алмасу, әлемдік сәулет өнерінің дамуының концептуалдық-теориялық бағыттарымен және оның негізгі үрдістерімен танысу. Сонымен қатар қазақстандық және шетелдік жетекші сәулетшілермен шығармашылық байланыстар орнату, сәулет өнеріндегі ұлттық мәдениеттің үздік дәстүрлерін сақтай отырып, прогрессивті әлемдік тәжірибе мен білімді қабылдау қабілеттілігін  қалыптастыру арқылы заманауи отандық сәулет өнерін дамыту.

Конгресс аясында «Қалалық орта: дәстүрі мен келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Конференцияда пленарлық отырыс пен 2 панельдік сессия өткізу қарастырылған.

Сонымен қатар «Құндылықтарды синтездеу. Жаһандық контекстегі локалдық сәйкестік» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өткізілмек.

Жас сәулетшілер, сонымен бірге студенттер стартап уикенд форматында өткізілетін «Қалалық  орта: «Ақылды» аудан» байқауына қатыса алады.

Конгресс аясында шеберлік сабақтары, шетелдік танымал сәулетшілердің дәрістері, «Ортаны қалыптастыратын  кім?» тақырыбында диалог алаңын өткізу жоспарланған.

Конгреске алыс және жақын шетел сәулетшілері, үкімет пен бизнес өкілдері, еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларынан (Астана, Алматы, Шымкент) отандық сәулетшілер; девелоперлер, технологиялық компаниялар, жобалау бюролары, инженер-жобалаушылар, суретшілер қатысады. Оның жұмысы 18 шілдеге дейін жалғасады деп күтілуде.

 

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!