Басты бетЖаңалықтарАтырау қаласының...

Атырау қаласының әкімі көлік кептелістерін тәртіпке келтіруді тапсырды

Қаланы аралап шығу барысында қала әкімі қаладағы автомобиль жолдарында көліктің өте көптігін атап көрсетіп, қарамағындағыларға қаланың қозғалыс көп жол қиылыстарындағы қолданыстағы оң бұрылыстарды кеңейту және жаңаларын салу жобасын әзірлеуді тапсырды.

Бірінші кезекте Баймұханов – Берғалиев, Бейбарыс – Амандосов, Бейбарыс – Құрманғазы, Тайманов – Бегельдинов, Владимирский – Ғұмаров көшелерінің қиылыстары белгіленді.

Аталған көше қиылыстарының бірқатарында бұрылыстардың бар екенін, алайда олардың енсіз болуынан автокөлік иелерінің жолдарда маневр жасауы проблема туғызатынын айта кеткен жөн.

«Облыс әкімі облыс орталығындағы жолдарда қарбалас сәттерде автокөлік кептелістерін барынша ретке келтіруді тапсырды. Бірінші кезектегі міндет — қозғалыс көп, үлкен жол қиылыстарындағы қозғалысты жеңілдету, ағымдағы жылдың соңына дейін біз осы проблеманы шешуге тиіспіз», — деді қарамағындағыларға Алимұхаммед Құттұмұратұлы.

Сонымен қатар қала орталығында құрылыс қоқыстарының жатуы мен жеке учаскелердің қоршауларының, тұрғын үйлердің қасбеттерінің және жауынды күндері адам өте алмайтын балшыққа айналатын жол жиектеріндегі иесіз жер учаскелерінің көзге қораш жай-күйі қала басшысының ренішін тудырды.

«Біз қала тұрғындарын тазалық сақтау мәдениетіне әдеттендіруіміз қажет. Бірінші кезекте – қаланы тазалайтын коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейту керек, соңғы уақытта тұрғындар біздің атымызға көптеген реніштер білдіріп жатады. Екіншіден – кәсіпкерлерді өздерінің іргелес аумақтарын көріктендіруге, учаскелеріндегі ескі, қисайған қоршауларды, құрылыс қоқыстарын, арам шөптерді жоюға дағдыландыру қажет. Үшіншіден – тұрғын үйлердің қасбеттерін жақсарту және жол жиегіндегі жерлерді, қаланы сәнді, эстетикалық түрге келтіру қажет. Осының барлығын біз ағымдағы жылдың соңына дейін шешуіміз қажет», — деп тапсырма берді Алимұухаммед Құттұмұратұлы.

Сонымен бірге қала әкімі Геолог ауылдық округінде болып, апатты жағдайдағы жатақхананың жай-күйімен танысып, тұрғындармен әңгімелесті.