Басты бетЖаңалықтарБҚО-да жаңадан...

БҚО-да жаңадан тарихи-өлкетану музейі ашылды

Аудан орталығы Переметныйда орналасқан аумағы 500 шаршы метр құрайтын қос қабатты музей қорында күні бүгін 300-ге жуық жәдігер бар. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аудан әкімі А.Шахаров аталмыш нысанның ашылуына жергіліктің халықтың сұранысы себеп болғанын баса айтты.

«Тарихи-өлкетану музейі өткенімізді түгендеп, болашағымызды бағамдап, жас ұрпақтың бойына отаншылдық рухты сіңіру үшін қажет. Әрі, бұл нысан елордамыз — Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылып отырғандықтан баршаңызды қос мерекемен қызу құттықтаймын», — деді аудан әкімі.

Музейдің лента қию рәсімін аудан әкімі Асхат Шахаров пен ардагер-өлкетанушы Жайсаң Ақбай жүргізді. Төрт залдан тұратын музейдің алғашқы залында Қазақстан тарихына қатысты жәдігерлер жинақталған. Екінші зал — өлке табиғатын, үшінші зал — ауыл шаруашылығын, төртінші зал — аудан аумағының геологиялық байлығын баяндайды. Екінші қабатта көрме залы жұмыс жасайды. Көрме залында аудан қолөнер шеберлерінің, суретші, мүсіншілердің жұмыстары қойылған. Сонымен қатар, бұл қабатта Ассамблея кабинеті де бар.

Ашылу салтанатынан соң музейде «Өлкетану: өткеннің ізі – бүгінге бағдар» тақырыбында конференция өтті. Оған Ж.Ақбай, Д.Сүлейменова, М.Сыдықов, А.Әйтімов, Ж.Жақсығалиев секілді танымал тарихшы ғалымдар, еңбек ардагерлері М.Жұбандықов, Ф.Яфаров, аудандық мәслихат хатшысы Р.Исмағұлов қатысып, сөз сөйлеп, музейге сыйға кітаптар тарту етті.

Келушілер музей ішін тамашалай отырып, ауданның тарихынан, экономика, әлеуметтік сала, саясаттағы т.б. ел табыстарына терең бойлады.