Талдықорған гарнизоны әскери бөлімдері арасында өткізілген Спартакиадаға 11 әскери бөлім қатысып, спортың 19 түрінен, атап айтсақ: Шаңғы жарысы, Қысқы президенттік көпсайыс, Футбол, Волейбол (ерлер арасында), Волейбол (әйелдер арасында), Баскетбол, «Әкем, анам және мен – спорттық жанұя» байқауы, Қол күрестіру, Үстел теннисі, Шағын-футбол, Жазғы Президенттік көпсайыс, Қоян қолтық ұрыс, Суға жүзу, Әскери көпсайыс, Шахмат, Дойбы, Тоғызқұмалақ, Күштік екісайыс, Табельдік қарудан ату, Бильярд, Қазақша күрес сынды түрлерінен өтті.
Әрбір әскери бөлім командирлері мен басшылары тікелей қолдау білдіре отырып, аталған жарыстардың жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосқаны үшін Талдықорған қаласының әкімі Шалтабаев Дастан Тұрарбекұлының алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Рухы асқақ, келешегі кемел Қазақстанның болашағы жас ұрпақты патриоттық тұрғыдан тәрбилеудегі Отан қорғаушы – әскери қызметкерлердің алар орны ерекше. Талдықорған гарнизоны әскери бөлімдері өздеріне жүктелген міндеттерін абыроймен атқарып, қаламызбен облысымыздың намысын қорғап, халықаралық әскери жиындарда еліміздің көк Туын биіктерде желбіретуде. Оған өздеріңіз қатысып, куә болып жүрсіздер. Бүгінгі бас қосып отырған шарамыз соның бір айғағы», — деді қала әкімі Дастан Тұрарбекұлы.
Талдықорған гарнизоны әскери бөлімдері арасындағы Спартакиадасының қорытындысы бойынша 1-орын алған № 54380 әскери бөлімі, 2-орын № 21751 әскери бөліміне, 3-орын № 18404 әскери бөліміне берілді.