БАҚ өкілдеріне «Алтын сұңқар» сыйлығы табысталды

Қарағандыда осымен 12 жыл қатарынан табысталатын «Алтын Сұңқар» дәстүрлі сыйлығы биыл да өз иелерін тапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жүлдеге биылғы жылы облысымыздың 13 қаласы мен аудандарындағы 31 бұқаралық ақпарат құралдарынан 100-ден аса өтініш түскен.

Кеншілер мәдениет сарайында өткен салтанатты шарада аймақ басшысы сөз алып, бұқаралық ақпарат құралдарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Осыдан бір жыл бұрын «Алтын сұңқар» сыйлығын алғаш табыстағанымда көбіңізді танымайтын едім. Ал, қазір сіздердің басты оқырмандарыңызбын. Әрқашанда облыс жаңалықтарын сіздерден тыңдаймын, оқимын. Аймақтағы көп мәселелерді өздеріңіз арқылы білемін. Қарағанды облысы еліміздегі ең үлкен аймақ, сондықтан да барлық мәселені бақылап отыру мүмкін емес. Сіздер өздеріңіздің мақалаларыңызбен көп нәрсені уақытылы біліп отыруға көмектесесіздер. Биылғы жылы көптеген проблемалық мәселелерді көтердіңіздер, мысалы Теміртаудағы «қара қар» мәселесі», — деді облыс әкімі Ерлан Қошанов .

Сонымен, биылғы жылы 10 адам мен екі ұжым үздік деп танылып, «Алтын сұңқарға» ие болды. Қарағанды журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін берілетін облыс әкімінің арнайы сыйлығы – 1 миллион теңгеге «5 арна» телеарнасының ұжымы лайықты деп танылды. Сондай-ақ, биылғы жылы «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты үздік жариялағаны үшін» атты жаңа номинация қосылып, оны облыстық «Saryarqa» телеарнасы жеңіп алды.

«Мамандыққа адалдығы үшін» номинациясында «Алтын сұңқар» Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасының директоры Базарбай Әлеуханұлына табысталды. «Белсенді өмірлік ұстанымы үшін» номинациясында жоғары адамгершілік құндылықтарды, аға ұрпақты сыйлауды насихаттағаны және тәрбиелегені, соғыс және еңбек ардагерлерінің ерліктерін дәріптегені, қоғамдық тәртіпті, мәдениет және өзін-өзі ұстау нормаларын сақтауды, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуды, сондай-ақ қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды насихаттағаны үшін республикалық «BNews.kz» интернет-порталының Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Анжелика Чуднецова марапатталды. «Абай-Ақиқат» аудандық газетінің бас редакторы Гүлнұр Әбеуова ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді сапалық әрі сандық жағынан жариялағаны үшін «Ауыл тақырыбын үздік жариялау» номинациясында жүлдегерлердің қатарынан табылды. «Объектив шебері» номинациясыда аймақтық «Saryarqa» арнасының бейнеоператоры Мұрат Төкенов, ал «Мәнер мен атқарымдығы үшін» номинациясында Ақтоғай аудандық «Тоқырауын тынысы» газетінің корректоры Дәния Тәжібаева сыйлыққа ие болды.

«Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялағаны үшін» номинациясында «КазТАГ» ақпарат агенттігінің және «Взгляд на события» газетінің тілшісі Николай Кравец, «Өндірістік тақырыпты үздік жариялағаны үшін» республикалық «КТК» телеарнасының меншікті тілшісі Саят Сабдалы, «Еңбек адамы» тақырыбын жазғаны және насихаттағаны үшін» аудандық «Қарқаралы» газетінің журналисі Сағыныш Абилова марапатталды. Жас журналистерге берілетін «Алғашқы табыстары үшін» номинациясында қалалық «Саран» газетінің фотокорреспонденті Камила Оспанов «Алтын сұңқарға» ие болды. «Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» номинациясындағы жүлде «Saryarqa» телеарнасының редакторы Виталий Несипбаевқа берілді.

Дереккөзbaq.kz