«Теңіздегі қызмет ең алдымен – Отан мен өз ісіңе деген сүйіспеншілік, кәсібилік, мейлінше жауапкершілік. Бұған – ерекше теңіз рухын, шапшаңдық пен айбынды, тіпті жанкештілікті қосар едім. Ешкім өмірге теңізшілер сияқты құштар емес шығар, себебі ашық теңізге қарай әр қадам тәуекел. Күн сайын өзіңнің кәсібилігің мен парасатыңды, ерік пен қаймықпайтын мінезіңді, тәуекелшілдігіңді көрсету арқылы ғана басқаларды басқарып, абыройлы болуға болады» — тұңғыш қазақ теңіз офицері, 1-ранг капитаны Көпесбай Жанпейісов.

Біріншіден, Каспий теңізі, атауына қарамастан — мұхитпен байланысы жоқ үлкен көл ғана болатын. Екіншіден, Каспий жағалауы мемлекеттерімен болжалды кикілжіңді де ешкім елестете алмады. Үшіншіден — құрлықтағы өмір салтына бейімделген халқымыздан теңіз мамандары табыла қоятынына сенім болмады.

Бұған қоса, флот жасақтауға кеме паркінің мардымсыз болғанын атап өтейік. Экономикалық өтпелі кезеңде мұның барлығына қаржы табудың қандай күрделі мәселе болғаны түсінікті. Бірақ Бас Қолбасшының ерікті шешімінің арқасында Қазақ Әскери-теңіз Флотын құру мүмкін боды.

Уақыт көрсеткендей, Қазақ Әскери-теңіз Флоты өзінің қажеттігін толықтай дәлелдеді. Қазір Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз Флоты Каспий теңізіндегі экономикалық қылмыстардан бастап, жағалау елдерімен болуы мүмкін территориялық жанжалға қарсы өте күшті құрал. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында заңсыз балық аулаушылар әбден еркінсіп, тіпті көрші Ресейлік браконьерлер Қазақстанның аймақтық суында жағалау күзетінің қауқары келмейтін күшті қайықтармен келіп, тіпті қарулы қақтығыс ұйымдастырып жүрген болатын. Енді отандық жағалау күзеті катерлерімен, кемемен және сәйкесінше заманауи қарумен жабдықталған Әскери-теңіз Флоты бұған елеулі тосқауыл болып отыр. Бұған қоса, Каспий жағалауы елдерінің Каспийдің статусына байланысты көзқарастары да әр түрлі. Мысалы, Әзірбайжан мен Түркіменстанның Каспий Теңізіндегі біршама аралдар үшін дауы бар екені белгілі. Мұндай жағдайда Әскери-теңіз Флоты – әскердің басқа түрлері сияқты ауадай қажет.

Алғашқылар

Әскери шараларда ұйымдастыру кезеңіндегі сауат пен біліктіліктен әрі қарайғы табыс бірден айқындалады. Бұған «жақсы жоспар – жартылай жеңіс» деген кәсіби мәтел куә. 1993 жылы Әскери-теңіз Флоты туралы жарлық шыққаннан кейін оған ең алдымен там-тұмдап кадр жинау мәселесі өткір тұрды.

Осы тұста теңіз дәстүрі бар Cоветтер Одағында ірі әскери қызметтерде болған отандастарымыздың тигізген көмегі ұшан-теңіз. Бұл орайда Бас Қолбасшыға қолғабыс етіп, жаңа флоттың құрылуына ат салысқан контр-адмирал Ратмир Комратовтың есімін атап өту керек. Даңқты офицер жаңа флоттың кадрлық жарақтануынан бастап, алғашқы оперативті шараларының басы-қасында болды. Флоттың дүниеге келуіне КСРО, кейін Ресей теңіз флотында кезінде үлкен практикалық мектептен өткен отандастарымыз да сүбелі үлес қосқанын айтпай кете алмаймыз. Солардың бірі – қазақтан шыққан тұңғыш теңіз офицері Көпесбай Жанпейісов жаңадан құрылған қазақ әскери-теңіз флотына өзінің халықаралық сулардағы – Балтық, Жерорта теңіздері мен Атлант мұхитындағы маневр жасаған крейсерлерде қызметтен алған мол тәжірибесін жас мамандарға табыстай білді.

Кадр даярлау жылнамасы

Бас Қолбасшының әскери-теңіз флотын құру жөніндегі жарлығынан кейін елімізде тез арада әскери-теңіз флотына кадр даярлау жұмыстары қолға алынды. Жарлық шыққаннан кейінгі 1994 жылы Орал қаласында Әскери-теңіз Күштерінің Оқу орталығы құрылып, келесі жылдан бастап онда Әскери-теңіз күштері мен Ұлттық Қауіпсіздік Қызметінің шекара әскерлеріне кемедегі кіші мамандар даярлана бастады. Даярлау 5 ай жүргізіліп, алғашында 3 мамандық оқытылды.

«Ұйымдастырудың қай кезеңі қиынырақ болғанын айту қиын. Қиындық пен проблемалар барлық кезеңде де болды. Алғашында Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас штабының құрамында Әскери-теңіз күштері Бөлімі құрылды. Ал 1993 жылдың күзінде Ақтау қаласында әскери-теңіз бөлімшесі құрылып, оған мен командир болып тағайындалдым, ол кезде 1-ранг капитаны болатынмын. Қазақстанның Әскери-теңіз Күштерінің бөлімдері мен бөлімшелері құрыла бастап, Батыс стратегиялық бағытында жылжи бастауы осы тұста. ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз Күштерінің басты міндеті ұрыс және материалды-техникалық жабдықтау бөлімдері мен бөлімшелерін құру болды» — деп еске алады контр-адмирал Ратмир Комратов.

Бұдан әрі қарай Әскери-теңіз Флотын қалыптастыру жұмыстары үдей түсті. 1996 жылы Әскери-теңіз күштерін әрі қарай жетілідіріп, дамыту мақсатында Ақтау қаласында Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысының Басқармасы құрылды. Оның құрамында тылдық база, гидрографиялық қызмет, арнайы рота, оқу орталығы, байланыс кешені және 3 дивизион кеме мен катер болды.

Осы тұста еліміз теңіз транспортын өз күшімен жасағанын атап өту керек. Сол кездерде жоғарыда аталған жұмыстармен қатар кеме жасау бағдарламасы бекітіліп, Оралдағы «Зенит» зауыты «Гидроприбор» ҒЗИ негізінде Әскери-теңіз Күштері мен ҚР Шекара әскерлері үшін кеме және катер соғу басталды. Елімздің басшылығының шешімімен 1999 жылы Әскери-теңіз күштері барлық кемелерімен, жауынгерлерімен және инфрастуктурасымен қоса Қазақстан Республикасының Шекара Қызметіне өтті. Осылайша, Қазақстан Әскери-теңіз күштерін қалыптастырудың бірінші кезеңі аяқталды.

Әскери-теңіз күштерінің дамуының екінші кезеңі деп – Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің үш түрдегі структурасы туралы 2003 жылғы Жарлығымен байланыстыруға болады. Мемлекет басшысының нұсқауымен Ақтау қаласында Әскери-теңіз институты ашылды. Осы институт үшін Түркияның Мәрмір теңізіндегі порттарының бірінен сыйымдылығы 180 тонна болатын теңіз қарауыл кемесі Каспий теңізіне теңізшілердің күшімен дислокацияланды. Бұл кезде флот жұмысын әкімшілік ұйымдастыру әдістеріне де толықтырулар енгізілді. «Батыс» аймақтық командованиесінің құрамына енетін Әскери-теңіз күштері тағы да жасақталды. Қолбасшы Басқармасында Әскери-теңіз Күштері Басқармасы ашылып, теңіз әскерлері бригадасында әр түрлі кемелерден тұратын дивизион құрылды. Қорғаныс Министрлігінің орталық аппаратында әрекеттерді үйлестіру үшін Әскери-теңіз Күштері бөлімі ашылды.

Бүгінгі ахуал

Қазақстан әскери-теңіз флоты бүгіндері – Каспий бассейніндегі елдермен терезесі тең әскери құрылым. Ол қазір халықаралық назарға ілігіп, Қазақстанды аймақтағы ірі геосаяси ойыншылардың бірі қылып отыр. Әскери-теңіз саласы бойынша халықаралық келіссөздер мен қарым-қатынас соның айғағы, Мысалы, 2015 жылы Қазақстан Әскери-теңіз Күштеріне ресми сапармен – Каспий бассейніндегі ірі ойыншыларды бірі Иранның Әскери-теңіз Күштерінің бас қолбасшысы адмирал Сайари, Оңтүстік Корея Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Джон Хоусоб келіп кетті. Сонымен бірге, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде белсенді түрде халықаралық ойындар мен жаттығулар өткізіліп тұрады. Бұл орайда Ресей Федерациясынің Әскери-теңіз Күштерімен әріптестікті айрықша атап өтуге болады. Халықаралық әскери-теңіз ойындарының сценарийінде Каспидйің қазақстандық акваториясы ұрыс алаңы ретінде қарастырылып, еліміздің теңізшілері үшін үлкен тәжірибе алып жүр. Мысалы, 2015 жылғы ойындарда теңіздегі ұрыс жағдайы жасалып, тактикалық десант түсіру машығы шыңдалды. Оған Қазақстан және Ресей тарапынан 43 кеме қатысты.

Былтыр өткізілген ойындарды көлемі және күрделілігі жағынан ерекше атап өтуге болады. Қазақстан, Әзірбайжан, Иран, Ресей қатысқан «Теңіз кубогы — 2017» ойынында Қазақстан байқаудың бір эпизоды бойынша үшінші орынды иеленді. «Қалқыма минаны ату» эпизоды бойынша қазақстандықтар жүлделі орын алды. Бұл эпизод бойынша бірінші орынды ресейлік «Град Свияжск» зымыранды кемесі 50 ұпаймен бірінші орын, Әзірбайжан Әскери-теңіз Күштерінің «G-124» қарауыл кемесі 48 ұпаймен екінші орынды, қазақстандық Әскери-теңіз күштерінің «Сарыарқа» кемесі 46 ұпаймен үшінші орынды, ал Иран Әскери-теңіз күштерінің «Жошан» зымыранды кемесі 44 ұпаймен төртінші орынға ие болды.

«АрМИ — 2017» халықаралық әскери ойындар аясында өткен бұл ойынға ерекше тоқталатын себебіміз бар. Қазақстан Әскери-теңіз күштері осындай оперативті ойындарға қатысу арқылы шынуайт ұрыс жағдайына шыңдалып келеді. Және бұл Қазақстанның әлеуетін дүние жүзіне паш ететін де шара. Себебі ойындарға 28 ел қатысып, оған қоса жеті мемлекет өз бақылаушыларын жіберіп отыр. Сонымен бірге ойындардың Әзірбайжан, Беларусь, Қытай, Ресейдің полигондарында өтуі – сарбаздарымыздың басқа оперативтік жағдайларда өздерінің машығын жетілдіруіне көмегін тигізеді. Ойындардың 28 түрі бар, Қазақстан 2017 жылы оның 17 түріне қатысты.

Халықаралық қатынастар Қазақстан Әскери-теңіз Флотының жабдықтарының жетілуіне де үлкен көмегі бар. Отандық зауыттардан басқа, Қазақстан тарапы кеме жасау ісінде тәжірибесі мол ресейлік кеме соғу компанияларымен де тығыз жұмыс жасайды. Қажеттілік туған жағдайда ресейлік стапельдерде Қазақстанның сұранысы бойынша сыйымдылығы мен жарақтануы басқаша кемелер соғылуына барлық алғыштарттар дайын тұр.

Каспий теңізіне 1995 жылы Қазақстан Әскери-теңіз Күштерінің қатарында алғашқы түскен катерлер «Сұңқар» және «Батыр» жобасының кемелері болатын. Одан бері 23 жыл өтіпті. Қазір Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз флотында АҚШ-тық «Си-Арк» және «Бостон» типті катерлер, Германияда және елімізде соғылған түрлі кемелер бар. Сонымен бірге – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар да жолға қойылған. Бұл кемелер тек әскери мақсатта емес, сонымен бірге экологиялық, гидрографиялық зерттеулерде отанымыздың бейбіт күнгі сұраныстарын өтеп жүр. Дамудың осы қарқыны бәсеңдемей, жалғасын табады деп сенейік.