Не болды?
Алматы қаласы Әуезов ауданының полиция басқармасында қызмет еткен Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты жаңа мәлімет белгілі болды. Қайғылы оқиғаға отбасында болған жанжал себеп болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
«Время» газетінің мәліметінше, полиция күні қарсаңында майор Әлсеров үйіне кеш келген. Кейін отбасында тұрмыстық мәселеге қатысты дау туып, артынша ушыққан.
Кей деректе марқұмның жұбайы да құқық қорғау саласында қызмет еткені және бұрын отбасындағы кикілжіңдер туралы әріптестері арасында әңгіме болғаны айтылады. Әлсеров жұбайы Арайлымды ұрып, тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетті деген болжам бар. Алайда бұл мәліметті құқық қорғау органдары ресми түрде растаған жоқ.
Басылымның жазуынша, жанжал кезінде әйелдің айқайын естіген кәмелетке толмаған балалары мен олардың досы іске араласқан болуы мүмкін. Тергеу нұсқасының бірі бойынша, осы кезде Аслан Әлсеров ауыр жарақат алған.
Күдіктілер ес-түссіз жатқан ер адамды байлап қоюы мүмкін. Кейін оның денесін көпқабатты үй маңында тұрған көлікке салып, Алматы облысының Кеген ауданына қарай әкеткен деген болжам бар. Одан әрі мәйітті Көкпек – Көктал – Кеген тас жолынан шет аумаққа апарып, сол жерде өртеген болуы мүмкін, – деп жазды басылым.
Марқұмның денесін жергілікті шопан тауып, полицияға хабар берген. Тергеу аясында бірнеше сот-медициналық сараптама жүріп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Қазір Аслан Әлсеровтің жұбайы, екі ұлы және тағы бір жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ресми органдар олардың кінәсі сотта дәлелденгенге дейін күдікті саналатынын ескертеді.
Контекст
Естеріңізге салайық, полицейдің өртенген мәйіті Көкпек – Көктал – Кеген тасжолынан шамамен 400 метр жерде табылған. Оқиға 23 маусым күні болды.
