БҚО-да «Қалаға хат» атты жыр кеші өтті

Шара Бауыржан оқыған Ж. Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінен бастау алды. Жаһаншаның мүсіні орнатылған алаңда кеш қонақтарына мектеп оқушылары әдеби монтаж қойып, өлеңдер оқыды. Қонақтар Алаш музейінде де болып, Алаш арыстарының өткен өмірімен, тағдырымен танысты.

Кештің негізгі бөлімі аудандық мәдениет үйінде Бауыржан Ширмединұлы туралы кітап көрмесінен басталып, оның авторлық фотосуреттері де халық назарына ұсынылды. Бауыржанның «Дәптер» атты алғашқы өлеңдер жинағының тұсаукесеріне халық көп жиылды. Залда бос орын болмаған соң, аяқтың талғанына қарамастан, тік тұрған күйінде төрт сағатқа созылған кештің соңына дейін
өлең тыңдаған көрермендер де болды.

Б. Ширмединұлының жыр кешінің 22 мамырға қойылуының себебі, бұл оның анасының туған күніне жасаған сыйы екен. Анасы, апасы туралы өлең оқып, залда отырған анасы Майраға гүл сыйлады. Кешті ақын адамға үлкен ой салар, туған жерге, ауылға деген махаббат пен сағыныштың отын маздататын, ауылдың тірлігін көз алдыңа дөңгелетіп әкелетін «Қалаға хат» өлеңімен аяқтады. Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев «Небір алып та, Сырымдай, Жаһаншадай батыр да, Абдолла мен Қадырдай ақын да анадан туылды. Сондықтан бүгінгі той, бүгінгі қуаныш Бауыржанның анасы Майра апамыздың қуанышы. Балаңыздың ел алдындағы абыройын көріп отырсыз. Жасыңыз құтты болсын!», – деп Майра апайдың басына орамал жауып, қамзол кигізіп, құрмет көрсетті». Баламның жетістігін, оны қаумалап келген осындай елді көріп отырған мен әлемдегі ең бақытты анамын. Бауыржан – тек менің балам емес, елдің баласы», – деп ақынның анасы тебірене алғысын айтты.