Басты бет / Жаңалықтар /
f2874a8551f6d91aae8e0ad614f8e834 Қазақстанның жас физиктері IPhO-2026-да әлемнің ең үздік командаларымен теңесті
Фото: gov.kz

Қазақстанның жас физиктері IPhO-2026-да әлемнің ең үздік командаларымен теңесті

Қазақстан құрамасы Колумбияда өткен 56-халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) жеңіске жетті. Ресми нәтижелер нақтыланғаннан кейін ұлттық құраманың бес қатысушысының барлығы да алтын медаль иеленгені белгілі болды. Бұл туралы Telegram арнасында Ілияс Мыңжасаров хабарлады.

Бұл – Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтиже. Ұлттық құрама алғаш рет физикадан ең беделді халықаралық олимпиадада алтын медальдардың толық жиынтығын жеңіп алды.

«Біздің оқушыларымыз ең беделді халықаралық олимпиадада 5 АЛТЫН медаль жеңіп алды! Иә, қателескен жоқсыздар. Команданың барлық 5 мүшесі де алтын медаль еншіледі.

Бұл – феноменалды нәтиже! Қазақстан тарихында ешбір пән бойынша мұндай жетістік болған емес.

Біз командалық рейтингте Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Үндістан және Тайваньмен бірге бірінші орынды бөлісіп тұрмыз», – деп жазды Мыңжасаров.

Биыл IPhO-2026 олимпиадасында барлық қатысушысы алтын медаль алған мемлекеттер саны алтау болды. Олардың қатарында Қазақстанмен бірге Қытай, Ресей, Үндістан, Оңтүстік Корея және Тайвань бар. Бұл Қазақстанның әлемдегі ең мықты физика құрамаларының қатарына қосылғанын көрсетеді.

Алтын медаль иегерлері:

  • Амирбек Азатбеков – Астана қаласы Нұра ауданындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы;
  • Роман Черемнов – Астана қаласы Нұра ауданындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы;
  • Нұргүл Егенбергенова – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
  • Ілияс Қазымбек – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Дамир Құрман – Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, әлемдегі ең беделді зияткерлік жарыстардың бірі саналатын олимпиада 4–12 шілде аралығында өтіп жатыр. Биыл оған 90 елден 400-ден астам үздік жас физик қатысқан.

Олимпиада барысында қатысушылар теория және эксперимент кезеңдерінде күрделі физика есептерін шығарып, зертхана жұмыстарын жасайды.

Ұлттық құраманың жетекшілері:

  • Самат Мақсұтов – PhD докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы;
  • Әлішер Еркебаев – физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері.

Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан IPhO олимпиадасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. 2025 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған еді.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok