Ұялы телефондар ІМЕІ-коды бойынша бұғаттала бастайды

Биыл сәуірде Бас прокуратураның бастамасы бойынша Ішкі істер министрлігі аумақтық бөлімшелері мен ұялы бойланыс операторларының ұрланған мобильді ұялы абоненттік құралдарды бұғаттау жөніндегі өзара іс-қимылы туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжатты әзірлеуге және қабылдауға ұялы телефондардың ұрлануына байланысты қалыптасқан ахуал негіз болған.

«Жыл сайын Қазақстанда 60 мыңға жуық ұялы байланыс құралы ұрланады, олардың ішінен ішкі істер органдары орташа шамамен 2,5 мыңын анықтайды және заңды иелеріне қайтара алады», — делінген хабарламада.

Комитеттің мәліметінше, абоненттік құралдардың жұмысын ІМЕІ-коды бойынша тоқтатуды ұялы байланыс операторлары абонент тиісті өтінішпен жүгінген жағдайда ғана іске асырады. «Алайда, көбінесе бұлай болмайды, көптеген адамдар бұл механизм жайлы білмейді, ал басқалары уақыттың жоқтығынан немесе өзге де себептер бойынша өтініш бергісі келмейді», — дейді Комитет өкілдері.

«Ендігі уақытта, қол жеткізілген келісім бойынша, ішкі істер органдары ұялы құралдары жоғалған жәбірленушілерге ұялы байланыс операторларының мекенжайына ұялы телефонның жұмысын ІМЕІ-коды арқылы тоқтату — бұғаттау туралы өтінішпен жүгінулері қажеттігін түсіндіруі қажет. Ұялы байланыс құралдарының жұмысын ІМЕІ-коды бойынша тоқтату практикасын кеңінен қолдану үшін, ішкі істер органдары арқылы ұялы байланыс операторларының мекенжайына өтінішпен жүгіну қажеттігі туралы хабарлаймыз», — делінген хабарламада.