Кент, АҚШ

Жасым 28-де. Ағылшын тілі мұғалімімін. Әйелім де балаларға шет тілін үйретеді. Бес жылдан бері Оңтүстік Кореяда тұрып жатырмыз. Жүгіріп бастағаныма 10 жыл болып қалған шығар. Трейл марафонға үшінші рет қатысуым. Ал Қазақстан — мұндай марафонға қатысып отырған Филиппиннен кейінгі үшінші шет мемлекетім.

Кент
Кент ©Айгүл Хожантаева

Қазақстанға алғаш келуім. Алматы біз естігеннен де әдемі екен. Табиғаты тамаша. Қаладан тауды көргенде таңғалдық. Себебі бұрын қалаға жақын орналасқан мұндай биік тауды көрген емеспіз. Тұрғындары да ашық. Жастар ағылшын тілін жақсы біледі. Жол сұрағанда қуана көмектесті.

Asia Trail Master ұйымы бар. Оның Азия елдерінде орталықтары орналасқан. Атлеттер өзі жүгіруге ыңғайлы елді осы ұйымның сайтына кіріп таңдай алады. Сол сияқты біз де әлеуметтік желіден Қазақстанды көрдік. Содан осында өтетін марафонға қатысамыз деп шештік.

Кент
Кент мәреге жақындап қалды ©Айгүл Хожантаева

Бұл марафонда 70 шақырымға жүгіремін. Осыған дейін 100 шақырым жүгірген кездерім болды. Бұл спорттық шараның маған ұнайтын тұсы — әсем табиғат аясында болатыны. Аласа тауларға шығып, одан қайта түсіп, өзен бойын жағалап жүгіресің. Тамғалы тас шатқалында ашық кеңістік өте көп. Tengri Ultra марафоны жай ғана спорттық шара емес, отбасылық басқосу секілді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген атлеттерді жинайды. Бір салаға қызығатын жаңа достар табасың. Табиғаттың сұлулығынан өзіңе шабыт, қуат аласың. Қазақстанның аумағы біз елестеткеннен де байтақ екен.

Ерлі-зайыпты Ли Уен мен Си Хей, Сингапур

Біз табиғатты, саяхатты жақсы көреміз. Сондықтан болар, Трейл марафонға бірнеше жыл қатысып келеміз. Әр жыл сайын бұрын болмаған бейтаныс елдерде жүгіргіміз келеді. Мәселен, Қазақстанның табиғатын, халқын білмейміз. Трейл марафон бізге бұл елді жақын тануға мүмкіндік берді.

Си Хей мен Ли Уен
Си Хей мен Ли Уен ©Айгүл Хожантаева

Тәжірибемізде Midnight sun run марафонына да қатысып көрдік, бұл шарада күннің қалай атып келе жатқанын көре аласың. Бізге табиғаттың таңғажайыптарын көрген қатты ұнайды. Себебі мұндайды қалада күнделікті көре бермейсің ғой! Сондықтан жыл сайын марафонға қатысқанды жөн көреміз.

Жаттығудан шаршамаймыз. Есесіне одан раҚат аламыз.

Бұған дейін Франция, Австралия, Таиланд, Индонезия, Вьетнам мен басқа да елдердегі  жарыстарға қатыстық. Әр елдің өзіне тән табиғи ерекшелігі бар. Норвегиядағы марафон есімізден кетпейді.

Сингапурда қаланың қарбалас тіршілігі адамды жиі күйзеліске шалдықтырады. Жүгіру бізге мықты болуға көмектеседі. Мәреге келгендегі эмоцияны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Миың жағымсыз ойдан тазарады.

Намия, АҚШ

Жасым 57-де. Испан тілі мен тарих пәнінен сабақ беремін. Бүгінгі марафонда мәреге 1 сағат 20 минутта келдім. 20 жылдан бері жүгірумен айналысамын. Бұл менің бірінші марафоным емес. Осы уақытқа дейін көптеген спорттық шараға қатыстым. Оның ішінде Перу, Никарагуа, Мозамбик, Малайзияда болдым. Бұл — Орталық Азияға алғашқы сапарым. Бір жақсысы, мұнда жылдың кез келген мезгілінде спортпен шұғылдануға болады.

Намия
Намия ©Айгүл Хожантаева

Жүгіру маған жетістікке жетуді үйретеді. Белгілі бір қашықтыққа жүгіремін деген мақсатты қойсам, оны қалайда орындаймын. Әрі  сергек жүруіме де көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, өзіңді тәрбиелейсің.

Жүгірумен қартайған кезіңізде де айналысуға болады. Дене тәрбиесі жас талғамайды. Осыны кейде адамдарға түсіндіре алмаймын. Достарыма «Әне жүгіремін, міне жүгіремін» деген жоспарды тастап, кроссовкаңды ки де, ақырын жүгіре бер», — деп үнемі кеңесімді айтып отырамын.

Данил, Қазақстан

Бұл — менің ойлы-қырлы жерде жүгірген алғашқы марафоным. Барлығы 320 адамның ішінде 15 шақырым жүгіріп, 106-шы болып келдім. Бұрын 40-қа жуық толық, жартылай марафонға қатыстым. Бұл спорттық шара жүгіретін жолдың қиындығымен ерекшеленеді. Қазіргі уақытта Астанада өтетін Ironman жарыстарына дайындалып жатырмын.

алғаш рет бірден жартылай марафоннан (21 шақырым) бастап кеттім. марафонға қатысушыларға айтарым, қандай қашықтыққа жүгіргенің маңызды емес. Маңыздысы — сенің жүгіруді бастағаның.

Данил марафоншы
Данил мәреге таяғанда ©Айгүл Хожантаева

Бүгінгі марафон қызық өтті. Жарыс жолы — экстремалдарға таптырмас бағыт. Тауға шығарда ешқандай қиындықты сезбедім. Біреуге қиын, біреуге оңай болған шығар, бәлкім.

Рауан, Қазақстан

Мәреге бірінші болып келуге тырыстым. Ә дегеннен алдымнан ешкімді көрмедім. Артымда келе жатқан атлет бар ма екен деп едім, ілескен адамның қарасы жоқ. Жарты жолда шаршап-шалдығу болған жоқ. Денемнің әлсірегенін де де сезбедім. Келесі жылы тағы да қатысамын. Енді 70 шақырымды бағындырғым келеді. 2016 жылы бұл марафонға қатыса алмадым. Бірақ 2015 жылы 35 шақырым қашықтықта үшінші орында келгенмін.

Рауан Абулханов
Рауан Абулханов ©Айгүл Хожантаева
Марафон Tengri Ultra
©Айгүл Хожантаева
Марафон Tengri Ultra
©Айгүл Хожантаева

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!