Алматыда «Ұлы Дала ойындары» фестивалі өтеді

Фестивальде шабандоздар ат жарыстарынан сынға түсіп, көкпар тартады. Сондай-ақ, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қазақ күресі сынды ұлттық спорт түрлерінен де өнер көрсетеді. Жарыс 10:30- да басталса, ашылу салтанаты 13:30-да өтеді.

Негізгі ойындармен қатар, фестиваль қонақтары қол өнер бұйымдары көрмесін тамашалап, саятшылардың құстарымен, аңшылыққа шығатын тазы иттермен таныс бола алады. Ал, олар үшін сахнада бишілер би билеп, эстрадамыздың жұлдыздары ән шырқайды.

Сонымен қатар, кез келген келуші қонақтар тоғызқұмалақ, асық ату ойнап, қошқар көтеру мен бағанаға шығудан сайысқа түссе болады. Жеңімпаздар үшін бағалы сыйлықтар қарастырылған.

Айта кетер жайт, «Ұлы дала ойындары» республикалық фестивалі «Спорттық Алматы» жобасы аясында Ұлттық ат спорты федерациясының көмегімен үшінші жыл ұйымдастырылады. Жарысқа Қазақстанның әр өңірінен келген шабандоздар қатысады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, кубок және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.