Ұлттық спорт пен Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінің үндестігі

Ұлттық спорттың барлығы өң бойына адамның денсаулығы мен ақыл-ойына пайдасын тигізетін артықшылықтарын қамтыған. Топтық жарыстар, бәсекелердің дені жауыздық пен бақталастықты емес, керісінше бірлікті, біліктілікті насихаттайды. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінде айтылатын күш-қуатты шыңдайтын спорт түрлерін ата-бабаларымыз ұлттық негізге сай дамытып, сүннетті берік ұстанған. Оның белгілерін төл спорттың сипатынан айқын байқауға болады.

Қазақша күрес — қорғанудың ұлттық өнері

Қазақша күрес
©Рrosports.kz

Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерін қатайтады.  Палуанды төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақша күрес — қорғанудың ұлттық өнері. Мұнда адам өзін еркін ұстап, бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады. Бұл спортта жата тастау, арқалай тастау, салмақпен басу, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің барлығын қолдануға болады.

Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады [1].

Пайғамбардың (с.ғ.с.) күресі

Пайғамбардың күресі жайлы деректер көп. Соның бірегейі Мекке тұрғыны, ешкімнен жеңіліп көрмеген кәсіби балуан Рукана ибн Әбд Язидпен болған күресі еді. Ибн Исхақ бұл оқиға туралы: «Бірде Пайғамбар (с.ғ.с.) Руканамен кездесіп қалып, былай деді: «Ей, Рукана, Алладан қорқасың ба әрі менімен жекпе-жекке шыққың келе ме? Егер мен жеңсем, Алланың бірлігі мен Пайғамбарын мойындайсың ба?»- деп сұрады. Рукана келісімін берді. Пайғамбар (с.ғ.с.) онымен күресіп, Рукананы жеңіп кетеді. Күреске тоймаған қарсыласы қайтадан жекпе-жекке шақырады. Сөйтіп олар үш рет күресіп, барлығында Алла Елшісі (с.ғ.с.) жеңіске жетеді. Жеңіліп көрмеген Рукана осы оқиғадан кейін Исламды қабылдаған. Кей деректер бойынша Мекке қаласы алынғаннан кейін Рукана да мұсылман атанған. (Әл-Хаким, Әбу Дәуд және әт-Тирмизи).

Ұлттық ат спорты және сүннет

Ат, жылқы, ұлттық спорт
©Ulttyqsport.kz

Жылқы малын жер жүзінде алғаш болып қолға үйреткен қазақ екендігін ғалымдар сан рет дәлелдеді. Содан болар қазақтың ұлттық ойындарының көпшілігі ат спортына негізделген (аударыспақ, көкпар, теңге ілу, жорға жарыс, жамбы ату және т.б.). Сондай-ақ қазақ халқы жылқыны киелі жануарға балап, «жеті қазынаның» қатарына қосады.

Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.): «Адам баласы атты соңғы күнге дейін тастамас, өйткені сол арқылы оның бұл дүниеде де олжасы бар, ақыретте де сыйлығы бар» деп айтқан екен (Әл-Бұхари; Имам Мүслім).

Бәйге

Ат спортының ішінде кең тараған түрі — бәйге (топ бәйге, аламан бәйге, т.б.) Бұл спорт адамның тактикалық шеберлігін жетілдіреді. Бәйгеде мықты да жылдам шабандоздың бәрі бірдей жеңе бермейді. Спортшы жүйелі жаттықса, жағдайды дұрыс бағалап, жарыс кезінде атының күшін тиімді пайдаланса ғана мәре сызығын бірінші болып кеседі.

Ат спорты Ат жарыс

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үш атын ат жарысына шығаратын. Зарибтің шабарманы Сәхл бин Са’ад, Лизаздың шабарманы Әбу Усәйд Саиди болатын. Лизаз ең алдында, одан кейін Зариб, оның артынан Сәкб жүретін [2].

Ислам мен халық ұғымындағы атқа мінудің пайдасы

Қазақ баласы жылқы малын төресіндей көретіні сондай өзінің мінез-құлық, бітім-болмысын осы түлікпен байланыстырады. Жылқыға байланысты халық мақалының көбісі жігіт сипатымен қатар айтылады. Мысалы, ел даналығында «Жақсы аттың терісі, қайыс болар, көн болмас. Жақсы адамның баласы, ғарып болар, құл болмас»; «Жақсы аттың жал-құйрығы, әрі жібек, әрі қыл. Жақсы жігіттің белгісі, түзде мырза, үйде құл» деген тәрізді ғибратты ұғымдар көптеп кездеседі.

Еті мен қымызының пайдасынынан бөлек, жылқыны мінген адамның денесіне жаттығу жасалып, бұлшық еттерінің барлығы қозғалысқа түседі. Қан айналымы ретке келіп, жүйке жүйесіне оң әсерін береді. Хадистерде де бұл жайлы аз дерек келтірілмейді.

Ибн Әл-Қайим былай дейді: «Атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру – созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы».

Жамбы ату

Жамбы ату, ат, ұлттық ойын
©Tengrinews.kz

Жамбы ату ойын түрін көшпенді халқымыз жауынгерлердің мергендік қабілетін жетілдіру үшін ойлап тапқан. Бұның басты маңызы: біріншіден, әскери-жауынгерлік дайындықты жетілдіріп отыру болса, екінші тараптан ел арасындағы мергендерді (садақшыларды) анықтап оларды көтермелеу үшін қажет болған, үшіншіден, сыналған садақшылардан арнайы  топ жасап соғыс кезінде күштік құрлым ретінде пайдаланған. Осы негіздерге қарағанда, жамбы ату жауынгерлердің шеберлігін дамытамын ойын түрі екені даусыз [3].

Имам Мүслімнен келген бір хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) садақ ату турасында үш рет қайталап мына сөздерді айтыпты: «Расында, күш – садақ атуда».

Алтын қабақ

Қазақтың ұлттық мергендер сайысының бірі — алтын қабақ. Бұл жарыста жігіттер садақ жебесін нысанаға әрі тез, әрі дәл тигізуге тиіс. Сайыс бірнеше түрге бөлінеді: жаяу немесе ат үстінен сырық басындағы теңгені атып түсіру, жоғары лақтырылған қалпақты, басқа да заттарды атып түсіру, ат үстінде шауып келе жатып нысанаға дәл тигізу. Алтын қабақ үлкен тойларда арнайы жүлде тағайындалып өткізіледі.

Сахаба Ибн Аббастан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жүлде тек ат жарысына немесе түйе жарысына, яки найза лақтыру (садақ ату) жарысына беріледі,» – деген.

Екі дүние сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің алтыннан қымбат хадистерінің бірінде былай дейді:

«Әкесі баласына жазуды, жүзуді, садақ атуды үйретуге және оны тек қана адал тағаммен асырауға міндетті» (Омар бин Әл-Хаттаб).

Спорттағы жеңіс пен жеңіліс

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Қусуа деген түйесі болған. Осы көлігімен Алла Елшісі (с.ғ.с.) хижрет етті. Худәйбийа умрасына да сонымен барды. Меккені де осы түйемен барып басып алды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қусуаны жарысқа салатын, ешқандай түйе одан оза алмайтын. Бірде түйе жарысында бір бәдәуи екі жасар түйемен жарысқа қатысып, Қусуадан озып кетеді. Сол сәтте Қусуаға жанкүйер болып тұрған мұсылмандардың еңсесі түсіп кетеді. Мұны байқаған Пайғамбар (с.ғ.с): «Алла жаратқандарының дәрежесін көтеріп, түсіруге толықтай қауқарлы» деп жауап берген еді.

Өмірде сәттілік пен сәтсіздіктің қатар жүруі — заңдылық. Бұл құбылыс спорттың ажырамас бөлігіндей. Қазақ халқының философиясында осыған қатысты «Жығылғанды жер көтереді», «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», «Жеңіліс — жеңістің анасы», «Тағдырдан тазша да құтыла алмайды» деген тәрізді даналық ойлар аз емес.

Спорт пен белсенді қозғалыстың пайдасын ескерген халқымыз «Аман ердің аты шығады» деп бекер айтпаса керек. Исламда осыған қатысты «күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан қайырлырақ» деген тәмсіл айтылады.

Әбу Һурайра жеткізген хадис-шәріпте хазреті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Екеуінде де өз қайыры болса да, қуатты мүмін Аллаға әлсіз мүміннен жақынырақ және сүйіктірек», – деген. Сол себепті адам баласының әрдайым шыныққан және мықты болуы өзіне қашан да пайдалы болмақ.

Жоғарыда келтірілген барлық мысалдар арқылы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетінде бар спорт түрлерін ата-бабаларымыз ұлттық негізге сай дамытып, ұрпағына мұра етіп қалдырғандығын байқаймыз. Себебі сүннетті ұстанған мұсылманның мол пайдаға кенелетіні даусыз. Бұл туралы Алла Тағала өзінің қасиетті Құранында былай деп айтқан:

«(Уа, Мұхаммед,) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла — аса Жарылқаушы, ерекше Мейірімді», — деп айт». («Әли-Имран» сүресі, 31-аят.)

Пайдаланылған әдебиет:

  1. Қайратұлы Б., «Қазақша күрес», ulttyqsport.kz;
  2. m.islamdini.kz, «Пайғамбарымыздың мінген аттары»;
  3. Қайратұлы Б., «Жамбы ату», ulttyqsport.kz. 

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.