Волгоградтағы Мамай қорғанында қазақ жауынгерлеріне ескерткіш қойылды

Ескерткіштің ашылу рәсіміне Қазақстаннан арнайы делегация қатысты. Сталинград үшін болған алапат шайқасқа қатысып, ерлікпен қаза тапқан қазақстандықтарға арналған монументке Қазақстанның қасиетті жерлерінен әкелінген арнайы капсула салынды.

«Генералдар кеңесі» РҚБ төрағасы, генерал-майор Рүстем Қайдаровтың айтуынша, Қазақстанда құрылған құрамалардың үштен бірі дерлік Сталинград майданында соғысты.

Делегация құрамында Сталинград шайқасына қатысқан 95 жасар тараздық майдангер Хамза Ғафуров та болды.Сталинградты қорғау кезінде ерлік көрсетіп, санаулы күндер ішінде қос бірдей медальмен марапатталған ардагер де естелігімен бөлісті. Сталинград шайқасына 100 мыңдай қазақстандық жауынгер қатысса, солардың көпшілігі майданнан оралған жоқ. Із-түзсіз кеткендер де баршылық. Осы орайда қазақстандық және ресейлік іздестірушілер жасақтары шайқас болған жерлерді зерттеп, жаңа деректер табуда.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысқан Волгоград облысының вице-губернаторы Александр Блошкин Сталинград шайқасының ешқашан ұмытылмайтынын, екі елдің ортақ тарихы бар екендігін, сондықтан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық қарым-қатынастың алдағы уақытта да нығая беретінін жеткізді.

Айта кетейік, биыл Сталинград шайқасының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толғаны белгілі. Соған орай Ресей мен Қазақстанда жыл бойы шаралар өтуде.

Сталинград майданы Батыс Қазақстан облысымен тығыз байланысты болды. Майданмен Орал-Астрахан темір жолы жалғастырып тұрды. Осы теміржол бойындағы Жәнібек, Сайқын, Шоңай стансалары талай рет бомбаланып, жауынгерлермен қатар тұрғындар да қаза тапты. Майданға тиіп тұрған Жәнібек, Орда (қазіргі Бөкей ордасы) аудандары соғыс жағдайында деп жарияланды.

Дереккөзinform.kz