Рухани жаңғыру мен рух

Бір күнде он рет ұрыс майданына кіріп жауды жапырған Қарасай батыр Жоңғарларға қарсы күрессе, Ұлы Отан соғысында Советтер Одағының Батыры атағына ие болғандар саны жағынан 5 орында болған Қазақстан. Александр Матросовша жау дзотының амбразурасын денесімен жапқан С. Баймағамбетов, С. Есқалиев, А. Сухамбаев, Николай Гастелло, Александр Маслов (капитан), қазақ Бақтораз Бисекбаевте бар өртенген самолетімен жау техникасының күлталқанын шығарған Нұркен Әбдіров (Сталинградты), жау танкісінің астына өз денесін төсеп мерт болған Қ. Спатаев, А. Үсенов, Т. Қабыловтың, ішегін шұбатып жүріп, жаудың бірнеше танкісін жойған Төлеген Тоқтаров ерліктері тарихта Алтын әріппен жазылды емес пе? Бүкіл шығыс, Орта Азия республикаларының қыздары ішінен шығыстың қос жұлдызы Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова – Қазақ қыздары емес пе? Қобыланды, Сұраншы, Өтеген батырларға арналған жырларды жатқа айтып, жырлаған Жамбыл – феномен-феникстей танылмай ма? Ол соғыс жылдарында «Ленинградтық өренім» деп құрсауда қалған халықтың рухын көтерді. Нұрпейіс Байғанин «Қазақстан майданға» деген өлеңінде жалынды сөздерін жауға оқ етіп атты, елдін рухын көтерді. Кеңестер Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбінде немістердің елу танкісін жойған қазақ батырларының данқын әлемге жайды.

Кеңесары, Исатай-Махамбет, Сырым Датұлы халық көтерілісінің қол басшылары, «Алаш» көсемдері, 37 жылы атылған қазақ зиялылары қазақ тарихында рухтың өшпес биіктері ретінде мәңгі сақталады.

1986 жылғы желтоқсанда Алматыда жастардың шеруі – рухтың биік шыңы еді. Желтоқсан – дертті дүниенің дауасын тауып берді. Қазақ қыздары мен ұлдарының үлкен ерлігін бүкіл әлем қолдады. Бірақ коммунистік партияның Мәскеудегі орталығы бүкіл қазақ халқына ұлтшылдық күйесін жақты. Жастарды соттады, оқудан қуды, қанды қырғынға салды. Оған дейін қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерінің тамырына балта шабылды. Туған тілін, мәдениеті мен дәстүрін жоюға бет алды. Бірақ қазақ халқының рухын сөндіре алмады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ халқы рухани өрлеу жолына түсті. Қазақстанды мекендеп отырған барлық этностарға өзінің ұлттық менталитетін өркендетуге мүмкіндік туды. Қоғамды топтастырудағы негізгі міндетті қазақ халқы өз мойнына алды. Басқа халықтарға қысым жасалуға жол берілмейтініне толығымен кепілдік жасалды. Ашық, жарқындық, мейірмандық, басқаға жәрдемдесуге әзір тұру – қазақтың туысынан біткен асыл қасиеттері. Алайда, Егеменді қазақ елінде жастар мәселесі өз шешімін таппай отырғаны анық. Қазақ жастары басқа ұлт өкілдеріне жақсы жағынан, адамгершілік, имандылық жөнінен үлгі көрсету орнына кейбіреулерінің азғындық жолына түскені де жасырын емес. Осындай келеңсіздік қоғам мен адам өміріне тигізер зияны мен тартқызар зардаптары көкейкесті мәселеге айналды. Қазақтың бір бөлігінің аморфтана (борпылдақтана) бастаған санасы, аннигилизацияға (тексізденуге) жақындаған ділі өзін сақтайтын иммунитетін тым әлсіретіп жібергені де жасырын емес. Бұл дертке күрес ашу – қазақ қауымының айбынды ісі. Әйтпесе, эгоист батыс адамы үшін қазақ тек қана «Чукча» болып қала берері сөзсіз.

Қазақ рухы, қазақ ділі, қазақ тілі, қазақ салт-дәстүрі тәуелсіздіктің балалық ауруына ұшырауда. Қазақ өз тілінің өз үйінде кәдеге аспай отырғанына қорланады. Ауылдан келген «мәмбеттер» бейшара, үйсіз-күйсіз, жұмыссыз халды басынан кешіруде. Орыс тілді, ағылшын тілді қалалық қазақ үшін қазақ тілі – анахронизм. Өзінің қазақ екендігіне қораштанатын ұлттық тілін, ділін менсінбейтін, кейде оларға өшпенділікпен қарайтын нигилист қазақтар, көзқамандар жетіп артылады.

Жаһандану өзгерісіне бой алдыратындар, ең алдымен, жастар. Олар этникалық рух дегенге онша мән бере бермейді. Сөйтіп, этникалық руханияттан біртіндеп алыстап барады. Қазақ тілін мемлекеттік тіл есебінде орнықтыруға кедергі болып отырғандар – кешегі күні орысша білім алған қазақ жастары. Оның үстіне, өздері қазақ тіліне пысқыра қарағандықтан балаларын орыс мектебіне берумен келеді яғни орыстандыруды өршітіп отырғандар да солар. Қазақтың руханиятын менсінбей, сыртта яғни шет елде не көрсе, соны қайталайтын да солар. Орыс тілді жастардың санасына әсер ете отырып, оларды да ұлттық рухта қайта тәрбиелеу проблемасын шешу қажет. Ұлттық сананың өсуі ұлттық тегін анықтауға итермелейді.