Мектеппен қоштасу үшін несие алатындар бар — Атырау облысының әкімі

«Жақында кезекті оқу жылы аяқталады. Әр жыл сайын соңғы қоңырау салтанатын ұйымдастыру тақырыбы көтеріледі. Әрине, кез келген ата-ана, оқушылар да бұл мерекелі күнді жоғары деңгейде өткізгісі келетінін түсінеміз. Тіпті кейбір ата-аналар осы шараларды өткізуге несие алады екен», — деді Нұрлан Ноғаев.

Соңғы қоңырауды атап өтуге керек қажеттіліктерді сатып алуға, мейрамханаларда тойлауға қанша қаражат шығындалады? Облыс әкімінің пікірінше, салтанатты шараны қарапайым түрде өткізуге де болады. Одан еш нәрсе маңызын жоймайды. Ата-аналарына өкпелеп жататын кейбір балаларға осыны дұрыстап түсіндіру керек.

«Мұғалімдерге сыйлық сатып алудың қажеттілігі жоқ. Қайта мұғалімдер мен мектеп басшылары оқушылармен, ата-аналармен әңгімелесулері тиіс», — деп есептейді аймақ басшысы.

Облыс әкімі білім беру саласы басшыларына оқу бөлмелерінің жөндеуіне ақша жинауға қатысты жауапкершілік алатындарын ескертті. Жергілікті бюджетте бұл мақсатқа қаралған қаражат жеткілікті.

«Бұл дәстүр бұрыннан бар. Бірақ барлық отбасының әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Мектеппен қоштасу – өмір жолының бастауы екенін түсіндіруіміз керек. Алда мектеп түлектерін аз қиындық күтіп тұрған жоқ. Міне, осы жайлы ойланған жөн. Алдымен балаларымыздың қауіпсіздігіне мән берейік», — деді ол.

Әкімнің айтуынша, жыл сайын мектептердің жөндеуіне қаржы бөлініп отырады. Өткен жылы осы мақсатқа 116 млн теңге бөлінсе, биыл 135 млн теңге бөлінген екен. Қаражат әр оқу орнына жеке жіберіледі. Ата-аналардан ақша жинаудың қажеті жоқ секілді. Мектеп директорлары мен білім беру саласының жауапты тұлғалары заңсыз ақша жинағаны үшін жауапкершілікке тартылатынын ұмытпаулары керек.

Жиналыста биыл облыстағы үздік мектеп түлектеріне ресми құрмет көрсету салтанаты 15 маусым күні облыстық әкімдік ғимаратының алдында болатыны нақтыланды.