Басты бетЖаңалықтарШығыс Қазақстанда...

Шығыс Қазақстанда ет өңдеу комбинаттары салынады

Аягөз ауданы бұл жобаны түрлі кәсіпкерлік форумдарда жиі көтергенімен, бұған дейін нақты инвестор табылмай келген болатын. Аустралияның әйгілі Cedar Meats компаниясы осы жобаға инвестор болуға ниет танытып отыр. Аталмыш компания қазақстандық кәсіпкерлермен «Еуразия агрохолдиг» атты бірлескен кәсіпорын құрмақшы. Аустралия тарапы ет комбинатын салып, мал семірту технологиясын енгізуге міндеттелмек. Ал кәсіпорынға берілетін жер телімі отандық компания иелігінде болады.

«Бұл жай ғана ет комбинаты емес, тұтас бір кешен болады. Ет өңдеу цехтарынан бөлек мал бордақылау алаңы, жемшөп дайындайтын цех салынады. Өйткені, әйгілі брендтің өнімін шығару үшін мал семіртуде аустриялық технология пайдаланылмақ. Алдын ала есептеулер бойынша, осының бәріне 9 млрд теңгедей инвестиция қажет» — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы  бастығының экономика жөніндегі орынбасары Арман Тұрысбеков.

Ал Семей қаласындағы ет комбинаты арнайы индустриялық аймақтан бой көтермек. Бұл жобаға Иранның «Агропортал» компаниясы инвестор ретінде тартылған. Индустриялық аймаққа салынатын комбинаттың барлық инфрақұырылымын мемлекет тарапынан тарту көзделген. Мұндағы ет өнімдері «халал» стандарт бойынша өңделуі тиіс. Жоба құны 7 млрд теңге. 2019 жылы аталған 2 кәсіпорын да толық қуатпен жұмыс істейді деп жоспарланған.

Үшінші ет комбинатын Көкпекті ауданының жергілікті компаниясы қолға алмақшы. «Елімай-Көкпекті» ЖШС ангус, герефорд, қазақтың ақ бас сиыры тәрізді асылтұқымды ірі қара нәсілін түрлендірумен айналысады. Егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып отырған агрөнеркәсіптік кешен енді ет өңдеуді қолға алмақшы.

«Бұл компанияның жобасы әлі толық пысықталған жоқ. Қанша өнім шығарып, қанша бас малды бордақылайтыны әзірге белгісіз. Бір белгілісі, серіктестіктің мұндай жобаны жүзеге асыруға әлеуеті толық жетеді» — дейді Арман Тұрысбеков.

Оның айтуынша осы аталған нысандар ертең шикізаттан таршылық көрмеуі үшін 2019 жылға дейін көршілес елді мекендерде 12 мал бордақылау алаңы құрылуы керек.

Дереккөзkazinform.kz