Бастауышта «Оптик болам» деп шығарма жазғанмын…

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Науалы ауылында дүниеге келіп, мектепті де сол жерде бітірдім. Әкем Қанат Какенұлы аудандағы жалғыз оптикалық дүкенде жұмыс істеді. Мектепте бастауыш сыныптарға «Кім болам?» деген тақырыпқа шығарма жаздырушы еді ғой. Мен 4-сынып оқып жүргенімде-ақ «Өскенде оптик болам» деген шығарма жазғанмын. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген сөз бар ғой. Сол сияқты мен де бала күнімнен әкемнің жанында жүріп, оның қызметіне деген қызығушылығым арта түсті. Мектеп бітірген соң, Семей қаласына медоптика мамандығы бойынша оқуға түстім.

Диплом алған соң, «қаладағы оптикалық дүкендердің бірінде жұмыс істесем бе» деген ой болды. Алайда, өзімнің бала күнгі арманым жеке оптикалық орталығымды ашу болатын. Осы ойымды жүзеге асыру үшін, алғашында әкемнің жанында жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. 21 жасымда Аягөз қаласына барып, сол жерден өзімнің оптикалық орталығымды аштым.

«DOS» оптикалық орталығы қалай пайда болды?

2017 жылдың күзінде Астана қаласында «DOS» оптикалық орталығын аштым. Толыққанды медициналық оптикалық орталық ашу үшін көп еңбектендім. Аягөз бен Үржардағы тапқан-таянғанымды жинап, қосымша несие алып, тұтынушыларға барлық жағдайды жасауға тырыстым. Себебі, Астана — шағын қала емес. Сәйкесінше, оптика дүкендерінің де саны көп. Сондықтан, «DOS» өз атын қалыптастыруы үшін сапалы қызмет көрсетуі тиіс болды.

"DOS" оптикалық орталығы
«DOS» оптикалық орталығы. Фото: Ердос Базаров

«DOS»-тың басқалардан ерекшелігі — ол тек қана дүкен емес, көзді толық медициналық тексерістен өткізіп, тағайындау жасайтын, қажет жағдайды көзәйнек дайындап беретін орталық. Мұндай орталық ашу үшін көзді тексеретін авторефлектрометр, көзәйнек шынылар қайрап шығаратын құрал-жабдықтар мен арнайы аппарат керек.

Алғашқы капитал

Қазіргі жастардың ең үлкен қателігі — алғашқы капиталды жылдам өндіріп алсам деген ой. Кәсіп бастаудағы басты мақсат тек қана табыс табу емес, өз ісіңнен ләззат алу болуы керек. Өзіңе ұнайтын, жаныңа жақын іспен айналыссаң, табысың да арта түседі.

«DOS» толыққанды медициналық оптикалық орталығын ашу үшін шамамен 8-9 миллион теңге қаражат қажет болды. Бір істі бастар кезде қорықпау керек, қорықсаң бастамау керек деп ойлаймын. Кәсіп бастайтын адамда қаржылық сауаттылық болғаны дұрыс. Әр кәсіпкердің стратегиясы, ішкі есебі, жоспары болады. Қаржылық сауаттылығы бар адам табысты да, кіріс пен шығысты да бақылай алады.

Неге «DOS»?

Дос деген сөздің мағынасы көп қой. Мысалы, көз — адамның айнасы болса, көзәйнек — сіздің досыңыз. Алғаш кәсібімді бастағанда, достарымның көмегі мен қолдауына көп сүйендім. Аягөз қаласындағы және Үржар ауылындағы оптикалық орталықтарды қазір өзімнің достарыма сеніп тапсырғанмын.

«Достық — достықпен, кәсіп — кәсіппен». Бірақ, өз қолыңмен, маңдай теріңмен жасаған дүниені оның бағасын білетін, қадірін түсінетін адамға ғана сеніп тапсыра аласың. Серіктестерімнің барлығы — өзімнің достарым, ауылдастарым мен сыныптастарым. Олар басқа салада білім алғанымен, арнайы курстар оқып, тәжірибеден өтіп, білікті маман атанды. Қазір жеті адамды жұмыспен қамтып отырмын.

«DOS» оптикалық орталығының ерекшелігі — сұранысқа қарай жұмыс істеуінде. Қазіргі жастар көзілдірік пен линзаның сәнді, үйлесімді болғанын қалайды. Біздің орталықта таңдау да, сапа да, сән де бар. Жалпы, оптикалық орталыққа келгендердің көпшілігі оған тек көзәйнек сатып алатын орын ретінде қарайды. Бірақ, біздің қызмет көрсетуді, яғни сервисті көрген адамдар ризашылығын білдіріп, тәнті болып кетеді.

"DOS" оптикалық орталығы
«DOS» оптикалық орталығы. Фото: Ердос Базаров

Сондай-ақ, «DOS» оптикалық орталығының тауарлары қоғамдағы орта топқа арналған. Бағалары қолжетімді. Бізде әйнектерге де, жақтаулар мен линза түрлеріне де кепілдік беріледі. Жас компания болғандықтан, жаман атқа қалмау үшін тек сапалы дүниелер сатуға тырысамыз.

Алдағы 10 жылға жоспар

Биікке көтерілу үшін баспалдақтардан өту керек. Біздің де жоспарларымыз ақырындап орындалып келеді. Алдағы 10 жылда Қазақстанның түкпір-түкпірінен оптикалық орталық ашсам деймін. Негізгі объекті ретінде қаладағы ойын-сауық орталықтарын алып отырмын.

Әр аймақта танымал оптикалық дүкендер бар. Бірақ, «DOS» сияқты толыққанды медициналық оптикалық орталықтар жоқтың қасы. Уақыт тапшы заманда адамдар дәрігердің қаралуына арнайы жазылуды, барып қаралуды қиынсынады. Ал біздің орталықта білікті мамандар қызмет етеді. Олар тек көзәйнек, линза сатумен ғана емес, көздің көру қабілетін, тұтынушылардың денсаулығын тексеріп, қалпына келтіру немесе емдеу шаралары бойынша ақыл-кеңес берумен де айналысады.

Жетістікке жету формуласы

Өзімді барлық шыңды бағындырған батыр сезінбеймін. Алайда, азды-көпті қол жеткізген жетістігімнің сыры — сенім мен арманда. Егер мен бала күнімде өз армандарым мен мақсаттарымды нақтылап, соған жету жолында еңбек етпегенімде көптің бірі болып қала беретін бе едім, кім білсін?!

Қазіргі қоғамда сенімнің бағасы тым қымбат. Ата-анаңның, жақындарыңның саған деген қолдауы сені жетістікке жетелейді. Осы тұста отбасыма алғысым шексіз. Мен әкемнен үлгі алдым, анам педагог ретінде дұрыс тәрбие берді.

Мадияр Қанатұлы отбасымен
Мадияр Қанатұлы отбасымен және достарымен. Мадияр Қанатұлының жеке мұрағатынан

Қазіргі қазақ жастары алғыр. Ой да, идея да көп. Алайда, іске аспаған тамаша идеяның ешқандай құны жоқ. Қазақ қоғамында қорқыныш дейтін кертартпа мінез бар ғой. Жаңа нәрсеге, жаңа іске сенімсіздікпен, үреймен қарауды қойсақ екен.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.