Жеңіл атлектикамен айналысу көп шығынды, арнайы жаттығу залдарын қажет етпейді. Бастысы — жүгіруге деген ниет, ыңғайлы аяқ киім мен жүгіруге арналған орын. Жаттығуға ыңғайлы Алматыдағы орындардың біразына шолу жасайық.
Ботаникалық бақ
Ботаникалық бақ келушілерді қабылдайтын уақытты ашты. Демек, бұл жерде жүгіруге де болады. Таза ауа, табиғат аясында жүгірудің денсаулыққа пайдасы көп. Бақтың алып жатқан аумағы үлкен екенін ескерсек, марафонға дайындалуға таптырмас орын.
Тереңқұр
Тереңқұр — денсаулық соқпағы. Кіші Алматы өзенінің бойында орналасқан «Тереңқұр» жаяу жүргінші алаңында спортпен айналысатын адамдарды жиі кездестіруге болады. Аталған аллея «Арман» кинотеатрынан бастау алады. Ұзындығы 4500 метр. Жаттығу жолында таудың әдемі көрінісін, арқанды жолды, оқушылар сарайын, Көктөбе мұнарасын тамашалап, қаланың сұлулығына тамсануға болады.
Көктем жағалауы
Алматылықтар арасында Весновка атанып кеткен Көктем жағалауында серуендемеген адам «Алматыны толық таныдым» деп айта алмайды. Жағалау бойында түрлі спорт түрімен айналысатын әуесқойларды жиі кездестіруге болады. Ұзын қашықтықтағы жағалау көшелермен қиылысатындықтан, көліктен абай болыңыз.
Сайран көлінің жағалауы
Сайран көлінің жағасында жүгіруге арналған арнайы соқпақтар бар екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Көл жағасында адамдардың көп болмауы сіздің жаттығуыңызға оң ыпалын тигізері анық. Жаттығудан шаршаған сәтте Сайран көлінің керемет көрінісін тамашалап, табиғат аясында демалуға болады.
Тұңғыш Президент саябағы
Таза ауада жаттығуға арналған тағы бір тамаша орын — Тұңғыш Президент саябағы. Саябақта әуесқой спортшылар түрлі байқаулар мен жарыстар өткізіп тұрады. Мұнда жаттығудың басқа түріне арналған арнайы жаттығу алаңдары да бар.
Медеу баспалдағы
Медеу баспалдағы жергілікті халық арасында «Денсаулық» баспалдағы атанып кеткен. Мұнда мезгіл сайын көпшіліктің жаппай жүгіруі өтеді. Егер төзімділік пен шыдамдылықты шыңдағыңыз келсе, осы жерде жаттығыңыз. Мұнда 841 баспалдақты бағындыру керек.
Ал сіз жүгіруге ыңғайлы қандай орындарды білесіз? Бізбен бөлісе отырыңыз.