Қазір түсіп жатқан кином — жаңа жоба. Қанағат Мұстафин мен Айдын Сахаман есімді танымал екі режиссер бірігіп жұмыс жасап жатыр. Сценарлық жобасы өте қызық. Түсірілім басынан бері 2-3 рет өзгеріске ұшырады. Барлығын оқып, танысып шықтым.

Мен бұл кинода басты рөлдің бірінде ойнаймын. Оған кастинг арқылы келмедім. Сценарий маған арнап жазылған. Қанағат ағалар сценарий жазып жатып, менің образымды көрген. Содан маған ұсыныс жасады. Мен бірден келісе кеттім. Алдағы уақытта нәтижесін көре жатарсыздар.

«Той любой ценой» фильмінің постері ©kinoplexx.kz

Ата-анам актер болуыма қарсы болды

Мен 1991 жылы 30 шілде күні Алматы қаласында дүниеге келдім. Үйдің кенжесімін. Әкем, анам, әпкем бар. Ол қазір тұрмыста. Ата-анам менің өнерге баруыма бала кезден қарсы болды. Анам дәрігер болуымды қатты қалады. Ал мен болсам, күнде неше түрлі мамандықты армандап жүретінмін. Бүгін әнші болғым келсе, ертең актер, оның арғы күні дәрігер, милиция қызметкері деген сияқты арманым күнде ауысатын.

Мектеп бітірген соң ата-анам заң қызметкері болуымды қалады. Құжаттарымды жинап, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің заң мамандығына тапсыртты. Бірақ ойымда актер болу жүретін. Оқуымды жақсы аяқтап, мамандығым бойынша бір-екі жерде ғана жұмыс жасадым. Сосын дипломымды ата-анама апарып бердім де, арманыма бет бұрдым. Актер болу арқылы бала кезде армандаған мамандықтың бәрін көріп, байқап, тексеріп жүрмін.

районы ақан сатаев
«Районы» фильмінің постері. Шәріп оң жақта бірінші тұр.

Киноға кастингпен келдім

Кино саласына бірден келген жоқпын. Бағым ашылуы үшін біраз еңбектендім. Ең бірінші, достарыммен әлеуметтік желілерде «вайн» түсіруден бастадым. Содан жайлап, әлеуметтік желілерден кастингтерді көріп, сол арқылы кино саласына ат басын бұрдым. Кастинг арқылы режиссерлердің көзіне бірден түстім. «Районы», «Тай-талас», «Ана жүрегі», «Аяулы арман», «Сапарластар хикаясы», «Навстерчу мечте» сынды отандық киноларда басты рөлдерді сомдадым. Қазақстандық танымал, өзі ісінің шебері болған біраз режиссерлермен жұмыс жасағаным — мен үшін үлкен жетістік.

Актер мамандығын арнайы оқымасам да, білікті мамандардан сұрап, үйреніп жүремін. Үйде қолым бос кезде актерлерге қатысты кітаптарды оқимын, видеосабақтардан дәріс аламын. Өзімді солай шыңдап отырамын. Түсірілім алаңында режиссерлерден ескерту алғанда қуанбасам, ренжімеймін.

«Актер болсам ғой», деп армандап, «Алмас піс, ауызма түс» деп үйде жатуға болмайды. Еңбектену, іздену керек.

Алғашқы махаббатым балабақшада басталған

Алғашқы махаббаттың дәмін балабақшада жүргенде сезіндім. Әлі есімде, 3-4 жаста болуым керек, анама: «Мама, мен бір қызға ғашықпын!»- деп айтқанмын. Содан анамның жанын қоярда-қоймай, ол қызға гүл апарып бердік. Рұқсат болса, қыздың атын айтпай-ақ қояйын (жымиды).

Қазір басым бос. Болашақ жар таңдау оңай шаруа емес қой. Ол қасыңда өмір бойы жүретін жарың, демеушің, қолдаушың болғандықтан ешқашан қателеспеу керек.

Алдағы бір-екі жылда үйлену жоспарымда жоқ. Бәлкім, сүйіктімді әлі кездестірмеген болармын.

Шәріп Серік, жас актер
Шәріп Серік, жас актер. Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мықты «режиссер» болғым келеді

Аллаға шүкір, өзім қалаған мамандықта кішкене болса да жетістіктерге жетіп жүрмін. Алда арман, мақсат деген көп. Ресейдің Мәскеу қаласына барып, арнайы режиссерлік білім алғым келеді. Қазақстандық кино өндірістің дамуына үлкен үлес қосқым келеді. Ойымда жүрген жақсы идеялар жетерлік. Соларды іске асырғым келеді.

Өмірде «ешқашан қолыңды түсірмеу» деген қағиданы ұстанамын. Бір дүниені бастап, қолға алып, ол болмай жатса, тастамау керек. Қолыңды бір сілтеу дұрыс емес. Жетістікке жететін адам ешқашан берілмей, алға жүрсе ғана керемет нәтижеген қол жеткізеді.

Үйленуді бес жылға шегере тұратын шығармын, бірақ аяқ астынан бір қызды қатты сүйіп, онсыз өмір сүре алмайтындай болсам, әрине, үйленемін. Әзір жоспарымда жоқ.

Сұхабаттасқан: Мархаббат Ілияс