«Қазақстандықтар жүргізуші куәлігін Электрондық үкімет порталында ауыстыра алады. Бұл қызмет Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарының тұрғындарына ұсынылады. Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру үшін электрондық-цифрлық қолтаңба қажет. Қызмет алушы еgov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, электронды сандық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қоюы тиіс. Өтінішпен қоса, фотосурет пен қойған қолының скан-суретін де жолдап, сондай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеуі керек. Айта кетейік, жүргізуші куәлігінің баж салығы 1,25 АЕК-ті (3007 теңге) құрайды»,- делінген хабарламада.
- Қызметті онлайн тәртіпте рәсімдегеннен кейін жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен толтырылған электрондық өтінішті және «Қызметтерді төлеу тарихы» бөлімінен мемлекеттік баж салығын төлеу туралы электрондық чекті басып шығару керек.
- Дайын құжатты алып кету үшін тұрғылықты жерде орналасқан мамандандырылған ХҚО-ға немесе жол полициясының Тіркеу-емтихан алу бөлімшелеріне бару керек.
- Өзіңізбен бірге қағазға басып шығарылған өтініш пен чекті, ауыстыратын жүргізуші куәлігін, жеке басыңызды куәландыратын құжатты, психиатриялық және наркологиялық диспансерлерден анықтамаларды, 083-нысандағы медициналық анықтаманы апару қажет.