“Қазақстанның ашық университеті” жобасы арқылы студенттер онлайн білім алады

Бүгін «Кселл» АҚ мен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының (бұрынғы – WikiBilim) бірлескен OpenU жобасын талқылау отырысы өтті. Былтыр іске қосылған "Қазақстанның ашық университеті" - OpenU.kz білім беру платформасының дәрістерін бүгінге дейін 1000-нан астам адам тыңдап үлгерген.

Kcell
©glassdoor.com

«Қазақстанның ашық университеті» порталында еліміздің үздік ЖОО оқытушыларының онлайн-дәрістері білім алғысы келетін барлық адамға ашық болады.

2018 жылдың 10 қаңтарындағы мәлімет бойынша OpenU.kz білім беру онлайн-платформасына тіркелген тыңдаушылардың саны 1013 адамға жеткен.

«Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, жоба қазақстандықтардың ғылыми-техникалық салалар мен нарыққа қажет басқа да мамандықтар бойынша тегін білім алуына жағдай жасады.

«Біздің «кез келген адамға ашық сапалы білім» деген миссиямызды OpenU дәл айқындап береді. Ашық университет платформасын жасау қара бастың қамы емес, ол – білімнің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін құрал, күн сайын жақсара түсетін, ашық бола түсетін құрал. Біз бұл жобаны түсініп, қолдау көрсеткен «Кселл» компаниясына алғыс айтамыз. Университетіміздің келешегі зор болатынына сенімдімін», – дейді Рауан Кенжеханұлы.

«Қазақстанның ашық университеті» білім беру онлайн-платформасында математика, физика, информатика сияқты ірі ғылым салаларымен бірге, бизнесті жоспарлау мен басқару, web-бағдарламалау, автоматтандырылған құрылғылар жасау, бағдарлама тілімен күрделі технологияларды модельдеу мен құрастыру сияқты саланың кәсіби мамандарына арналған дәрістер де болды. Тіркелген тыңдарманы ең көп дәрістердің қатарында «Java тіліндегі компьютер ғылымдарына кіріспе», «Web-бағдарламалау негіздері», «Робот техникасы» курстарын атап өту керек. Бірегей онлайн-контенттің 80%-ға жуығы қазақ тілінде болды.

«Қазақстанның ашық университеті» жобасына Қ.И. Сəтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу Университеті (ҚазҰЗТУ), Қазақстан-Британ Техникалық Университеті (ҚБТУ), Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU), С. Демирел атындағы Университет (SDU), Математика және математикалық модельдеу институты серіктес болды. Дәрістерге арналған материалдарды жасауға осы оқу орындарында қызмет ететін жетекші мамандар атсалысты. Жобаның бас серіктесі – «Кселл» компаниясы.

«Біз қазақстандықтардың OpenU.kz-ті көп қолданып жатқанына қуаныштымыз. Бұл – осы платформаға орналастырылған курстар шын мәнінде сұранысқа ие және пайдалы деген сөз. Көпшіліктің мемлекеттік тілдегі тегін ІТ контентке қызыққанын атап өткім келеді. Бұл жобаның үдеден шыққанын және қазақстандықтардың ашық digital-платформалар арқылы білім алуға дайын екенін білдіреді. Әлеуметтік жауапкершілік стратегиясын іске асырудың басым бағыттарының бірі қоғамның барлық мүшесінің білім алуына мүмкіндік ұсыну болғандықтан «Кселл» бұл жобаны одан әрі қолдай бермек», – дейді «Кселл» АҚ коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова.

OpenU.kz платформасы әлемнің қос жетекші жоғарғы оқу орны – Гарвард университеті мен Массачусетс технология институты жасаған ашық бастапқы коды бар бағдарлама – Open edX базасында құрылды. Жыл бойы оқылған дәрістер платформаның жаңартылған нұсқасына орнатылып, келешекте де қолданушылардың кәдесіне жарай бермек.

Қазіргі уақытта порталдан 10 курсты тыңдауға болады: «Ақпаратты тарату жүйесі», «Бизнес-жоспарлау», «Java тіліндегі компьютер ғылымдарына кіріспе», «Матрицалар және анықтауыштар», «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік», «Робототехника», «Фурье талдауы», «Python тiлiнде бағдарламалау негiздерi», «Scratch бағдарламалау тілімен анимация және ойын құру», «Web-бағдарламалау негіздері».