Баян Алагөзова: «Сиситай» — әлемдегі ең мейірімді қыз туралы фильм

Сиситай — қазақ қызының аты, фильмнің басты кейіпкері. Әлемдік деңгейдегі әртіс C. C. Catch есімінен алынып, қазақша еркелетіп айтылады. Оны Гуля не Сәуле немесе Дина деп атайтын болсақ ешқандай ерекшелігі болмас еді. Фильмді көріп болған адамдар Сиситай деген әлемдегі ең мейірімді есім екеніне көздері жетеді, — деді Баян Алагөзова Алматыда өткен «Сиситай» мюзиклінің премьерасында.

Продюсердің киноқоржынында бұған дейін түсірілген шоу бизнес әлемінен сыр шертетін «Жұлдызға арналған коктейль» фильмі бар. Бұл жолы Баян Алагөзова толыққанды мюзикл жасап шығарған.

Сюжетке сәйкес Сиситай есімді ауқатты бизнесменнің қызы әкесінің қарсылығына қарамастан әнші болуды армандайды. Кейін әкесі дүниеден өткен соң өгей шешесі оны үйден қуып шығады. Қолына ілінген қара жұмыстың бәрін атқарып нан тауып жүрген қыз ойда жоқта әйгілі продюсер Алиса Мақсұтқызының көзіне түседі (оның рөлін Баян Алгөзованың өзі сомдайды).

25 күннің ішінде түсіріліп 400 мың АҚШ доллары жұмсалған фильмде Баян Алагөзованың күйеуі Тұрсынғали Алагөзов те актер ретінде бой көрсетеді. Жаңа туынды көпшілік назарына 8 наурызда мереке күні ұсынылмақ.

Дереккөзkazinform.kz