«Астана Опера» 8 наурыз мерекесіне орай музыкалық шоу ұсынады

Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, көктемгі шуақты мереке қарсаңында нәзік жандыларға театрдың опера солистері, хор мен оркестр әртістерінің орындауында тамаша музыкалық шоу ұсынылмақ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмиля Жарқымбаева, халықаралық конкурстардың лауреаттары Татьяна Вицинская, Болат Есімханов, Малика Минизини, Назым Сағынтай, Елена Ганжа, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Ержан Саипов, Қазыбек Досмұхамбетов, Ерұлан Кәмел, Ақылбек Табынбаев, Алмат Ізбамбетов, Аида Құрманаева, Батыржан Смақов Камералық зал сахнасына шығады. Фортепиано партиясын  халықаралық конкурстардың лауреаты Раушан Бескемпірова орындайды.

«Театрдың шығармашылық ұжымы атынан сүйікті, нәзік, сүйкімді аруларды осы бір тамаша мерекемен құттықтаймын. Ең алдымен сіздерге зор денсаулық, бақыт, қуаныш пен шаттық тілеймін. Махаббат әлемінде шынайы сезімге бөленіңіздер! Ал біз сіздерге көктемгі сазымызды арнаймыз», — деді Болат Есімханов.

Н. Тілендиев, Ш. Қалдаяқов, С. Мұхамеджанов, Е. Хасанғалиев т.б. көрнекті қазақстандық композиторлардың туындылары, опералық шығармалардан ариялар мен дуэттер салтанатты кештің  сәнін келтіреді. Бұған қоса, әлемдік музыкалық классика жауһарларынан үзінділер, оның ішінде, Дж. Россини, И. Штраус, Л. Делиб, Ф. Легар, Э. Корнгольд, П. Чайковский, Н. Римский-Корсаков, И. Бродскийдің шығармалары, сондай-ақ тыңдармандардың сүйікті қазақ, орыс, неаполитандық әндері мен романстары шырқалады.

Көрермендердің сұрауы бойынша «Астана Опера» театрының әкімшілігі сағат 15:00-ге осы концерттің қосымша көрсетілімін қосқандығын атап өткен жөн.

9 наурызда танымал әртістер, халықаралық конкурстардың лауреаттары Ермек Құрманаев (виолончель), Евгения Құрманаева (скрипка), Анар Камельинованың (фортепиано) қатысуымен  «Биге шақыру» атты аспаптық музыка концерті өтеді.

Бұл кеште Д. Поппердің «Тарантелла», «Концерттік полонез», «Эльфтер биі», К. Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» сюитасынан «Аққу», Г. Венявскийдің «Полонез», Б. Бартоктың «Румын билері», М. де Фальяның «Испан билері», Р. Щедриннің «Альбениске еліктеу», А. Пьяццолланың Le Grand Tango, сондай-ақ Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» танымал топтамасынан «Күз» және «Қыс» шығармалары орындалатын болады.

Дереккөзkazinform.kz