Білім сапасы
©ru.sputniknews.kz

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың есебіне келген ақтөбеліктер Ардагерлер үйін, Жастар үйін сұрады.  Өңірде 90 мыңнан астам ардагер бар екенін айтқан Ғалым Дәулеталин бас қосып, кеңесетін орын қажет екенін жеткізді.

«Бұл сұрақ белгілі. Алдымен балаларға, жарымжан жандарға көмек береміз. Емхананы босатып,оны Ардагерлер үйі деп жабдықтауға болады. Бірақ біз жоспар бойынша жаңа ғимарат саламыз. Бұл алдағы жылдардың жоспары», – деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбеліктер арасында әлеуметтік жағдайын айтып, баспана сұрағандар да болды.

«Отбасымда үш мүгедек жан бар. Екі балам №7 арнаулы мектепте оқиды, ал жұбайым ІІ топ мүгедегі. Әкімшілік маған бір бөлмелі баспана берді. Сол үйде жеті бала тұрып жатырмыз. Ұлым спорт саласында ақылы түрде білім алып жатыр. Маған қазір қиын. Сондықтан кезек келгенше кең баспана беруіңізді сұраймыз», – деді Алтын алқа иегері, 8 баланың анасы Салтанат Садуова.

Бұл отбасының әлеуметтік жағдайымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев таныс. Көпбалаы ананың өтінішін тыңдаған өңір басшысы бәрі заң аясында атқарылатынын жеткізді. Сонымен қатар, баланы ақылы түрде оқытпас үшін оны кішкентайынан тәрбиелеуге кеңес берді.

«Қазіргі кезде тек Ақтөбе қаласында 24 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Ел заңына сәйкес, баспана кезекпен беріледі. Мен сіз туралы білемін. Ауданнан көшіп келіп, баспана сұрадыңыз. Қалалық әкімдік уақытша пәтер берді. Өзгесі кезекпен болады. Балаларды ақылы оқыту жөнінде түсініспеушілік бар. Көп кездесуде «балам ақылы оқып жатыр, зейнетақымды беремін» дейді. Менің жауабым дайын. Ол үшін бала жақсы оқуы керек. Жақсы оқыған бала ақылы оқуға түспейді. Біздің кемшілігіміз -ата-ана баланың оқуына, тәртібіне аса мән бермейді. Мектеп бітірген соң «диплом алсын» деп ақылы оқуға түсіреміз. Ол дұрыс емес. Бастысы – баланың жақсы білім алуын қадағалаңыз», – деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!