Жарқайың ауданында жаңа сот ғимараты ашылды

Жарқайың өңірінің сәулетіне өзіндік сән берген еңселі ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәкіров, Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев, Жарқайың ауданының әкімі Мұрат Балпан, сондай-ақ өңірдегі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер, сот төрағалары мен сот жүйесінің қызметкерлері, аудан тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Н.Шәкіров Жарқайың аудандық сотының жаңа ғимараты құрылысының аяқталуы бүкіл Ақмола өңірі үшін айтулы оқиға екенін атап өтті. Ғимарат Жоғарғы Сот бекіткен типтік жоба бойынша салынған. Ол сот даулары қаралатын нысандарға қойылатын барлық халықаралық талаптарға сай келеді. Жоғарғы сот органы алдағы уақытта да өзінің айбынымен заң үстемдігінің салтанат құруына ықпал ететін соттар ғимараттарын салуды және жөндеуді мақсат етіп отырғанын жеткізді.

Облыстық соттың төрағасы Д.Әміров әріптестерін қоныс тойымен құттықтай келе, бұл игілікті іс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сот мәртебесін көтеру туралы тапсырмасының Ақмола облысында жүйелі орындалып жатқанының айғағы екенін мәлімдеді.

Облыс әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев сот төрелігінің жаңа сарайының ашылуы айрықша оқиға екендігін атай келе, игілікті істің бастамашысы болған Жоғарғы Сотқа, Ақмола облыстық сотына алғысын айтып, «Жаңа ғимарат әділдіктің, тазалықтың, адалдықтың, туралықтың, заңдылықтың нағыз мекені болсын», — деп тілек білдірді.

Жиналған қауымға ауданның ақсақалы Беріктас Баймолдинов ақ батасын беріп, ашылу салатанаты өтті. Меймандар жаңа ғимаратты аралап көрді. Сот ғимаратында аудио-бейнетіркеу жүйесімен және жаңа техникалық құралдармен жабдықталған екі сот залы бар. Сот төрағалары мен сот қызметкерлеріне, прокурорлар мен адвокаттарға, сот орындаушыларына арналған кабинеттер қарастырылған. Кеңесу бөлмелері, мұрағаттағы істермен танысуға арналған бөлмелер, күту залы бар. Сот залының кез келген жерінен құжаттарды көрнекі түрде көрсетуге арналған ыңғайлы бейнепроектор орнатылған.

Айта кетерлік жағдай, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы пандус орнатылып, еден төсемелері кедергілерсіз және табалдырықсыз етіп жасалған.