Кірпікке пайдалы әдеттер

Кірпіктер әлсіз әрі сынғыш болса, оған ешбір құрал көмектеспейді. Олардың сау болуы үшін бірнеше әрекетті әдетке айналдыру керек:

  • Боялған кірпікпен ұзақ уақыт жүрмеңіз. Үйге келген бетте оны сүртіп тастау қажет. Ешқашан бояумен ұйықтауға болмайды;
  • Қабақтың қан айналымын жақсарту үшін оған массаж жасау;
  • Әр үш ай сайын сүрмені ауыстыру. Бұл көзге бактерия түсуінен сақтайды;
  • Етпетімен жатпау. Кірпіктеріңіз жастыққа тигенде деформацияға ұшырауы мүмкін.

Кірпік өсіретін майлар

1. Кастор майы

Кастор майын щеткамен кірпіктерге жағып, 15-45 минуттан кейін косметика кетіретін сұйықтықпен сүртіп тастау керек.

Майды ұйықтар алдында жағып, таңертең жууға кеңес бермейміз. Ол көздің шырышты қабаты мен терісін тітіркендіреді. Соның әсерінен таңертең көзіңіз қызарып, айналасы ісіп тұрады.

Тұрақты түрде жағып тұрса, майдың әсерін бірнеше курстан кейін байқауға болады. Әдетте алғашқы айда анық байқалады.

Кастор майынан жасалатын маскалар:

Кастор және ошаған (репейное) майы

1 шай қасық кастор майы мен 1 шай қасық ошаған майын араластырып күн сайын 15-30 минутқа жағып отырса, кірпіктерді ұзартып, түсуін азайтады.

Алоэ шырынынан жасалған антибактериалды маска

Бұл — көзіне теріскен жиі шығатын жандар үшін таптырмас құрал. Ол үшін жарты шай қасық кастор майы мен осы мөлшердегі алоэ шырынын араластырып, қабаққа жағу керек. Алайда аталған масканы ұзақ сақтауға болмайды, себебі алоэ шырыны тез бұзылады.

Қырмызыгүл (календула) маскасы

  • 1 шай қасық кастор майы;
  • 10 грамм кептірілген қырмызыгүл күлтелері;
  • 100 мл су.

Гүл күлтелерін суда 5 минут қайнатып, суыту керек. Бұл қоспаны кастор майымен араластырып, кірпіктердің түбіне жағады.

2. Ошаған майы

Ошаған майы кірпіктерді бекітіп, ұзартады. Оны да кастор майы сияқты кірпіктердің түбіне 15-45 минутқа жағып, жуып тастайды. Қолдану жиілігі — күн сайын. Ұзақтығы — бір-екі ай.

Кірпік

3. Кірпікке арналған сарысулар

Бұл сарысуларды арнайы дәріханалардан, косметика дүкендерінен сатып алуға болады. Құрамында түрлі майлар мен дәрумендер бар. Оны үй жағдайында жасауға да болады. Бірақ сатып алғанның бір артықшылығы — арнайы щеткасы бар құтыда сақталады.

4. Кірпікке арналған гель

Бұл гельдер сүрме жағардың алдында немесе сүрменің орнына қолданылады. Ол кірпіктерді бояудың әсерінен қорғап, күні бойы ылғалдандырып тұрады.

Егер сүрменің орнына пайдалансаңыз, кірпіктеріңіздің түсуі азайып, қайырылады, түсі қанық бола түседі. Себебі оның құрамында шөп сынды пайдалы қоспалар бар.

Бұндай гельдерді косметика шығаратын компаниялардан, дәріханалардан табуға болады.

5. Дәрумендер

Кірпіктердің өсуіне әсер ететін дәрумендер:

  • В дәрумені — шаш, кірпік фолликулдарының белсенділігін арттырады;
  • Е дәрумені — қандағы оттегі айналымын жақсартады. Ол шаш, қас, кірпіктің өсуіне әсер етеді;
  • А дәрумені де шаш, қас, кірпікке пайдалы.