Үйлену тойының шығынын қалай азайтуға болады?

Үйлену тойын жасау көп қаражатты талап етеді. Жинаған қаражатыңыз тым аз болса да, той жасаудан бас тарту немесе кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Той жасау үшін аз ақша кетпейді, бірақ бәрі өз ретімен. Ойланып қарасаңыз, тойда жасалатын фрагменттерді қысқартып, ақша үнемдеудің жолдары бар.

Көп шығын шығарсам, той жоғары деңгейде өтеді деген ойдан арылыңыз. Бастысы сапада. Үнемдеудің басты қағидасы — қаражатты орынды жұмсау.

Қалыңдық пен күйеу жігіт киімдері

Әдемі дизайнерлік той койлегін кию әр қалыңдықтың арманы. Бірақ, ол көйлекті сатып алу үшін шығындалуға дайынсыз ба? Ақшаңыз жеткілікті болса, мархабат. Жағдайыңыз келмесе де, сәнді той көйлегін киюден бас тартпаңыз. Көйлек таңдаудың 4 әдісі бар:

  1. Тойға дейін уақыт жеткілікті болса, жеңілдік болғанын күтіңіз. Міндетті түрде жаңа топтамадағы көйлекті кию мақсат емес. Өткен жылы шыққан топтамаларды да қарап көріңіз. Жаңадан шыққан көйлек бағасымен салыстырғанда әлдеқайда төмен бағаға ала аласыз. Бастысы өзіңізге ұнаса болды;
  2. Дизайнерлік көйлекті алуға мүлдем жағдайыңыз болмаса, онда ұқсас үлгідегі көйлектерді басқа той салондарынан қарап көріңіз. Сол көйлектердің арасынан сізге жарасымды, әдемі көйлек табылып қалуы мүмкін;
  3. Көйлек сатып алуға шығындалғыңыз келмейді. Ондай жағдайда той салондарына барып, қалаған көйлегіңізді жалға алыңыз. Бұл өте үнемді. Себебі той көйлегін басқа жақа кие алмайсыз. Жалға алған көйлекті абайлап кисеңіз болғаны;
  4. Той көйлегінен мүлдем бас тартсаңыз, онда қарапайым ақ түсті көйлек киюге кеңес береміз.

Күйеу жігітке де сымбатты той костюмі керек. Жігітке сапасы жақсы, өзіне жарасымды костюм сатып алған жөн. Себебі, костюмнің тойдан кейін де киілетіні сөзсіз. Күйеу жігіт тойда да, суретте де ұсқынсыз көрінбесін десеңіз, костюм аларда ақшаңызды үнемдемеңіз.

Сұлулық салоны

Сәнді шаш үлгісі мен әдемі әрленген бет қалыңдық үшін өте маңызды. Бет әрлеуші мен стилистті таңдарда жаңылыспаған жөн. Кәсіби мамандар сізге қандай шаш үлгісінің сай келетінін, және көзіңізге қандай түсті бояулардың әдемі жарасатынын бірден біледі. Сондықтан да, алдын-ала іздестіріп, қандай образда болатыныңызды шешіп қойсаңыз, той күні жақындағанда жұмысыңызды әлдеқайда жеңілдетеді. Бұл жағдайда үнемдемегеніңіз дұрыс. Опа-далаптың сапасы төмен болған жағдайда, тойдың ортасында бетіңізге жағылып қалған бояу көңіл күйіңізді түсірері анық.

Неке жүзігі

Неке жүзігімен алмасу — үйлену тойының басты символы. Неке жүзігінің гауһар тасымен болуы шарт емес. Классикалық үлгіде алтыннан жасалған қарапайым неке жүзігі болса жетіп жатыр. Бұл өте тиімді.

Той банкеті

Ең көп қаражат банкетке жұмсалады. Шақырылған қонақ саны артқан сайын, ақшаңызға да күш түседі. Мейрамханаға тапсырыс бермес бұрын, келетін қонақтардың нақты санын біліп алған дұрыс.

Мейрамхана таңдарда бағалары мен ас мәзіріне көңіл бөліңіз. Басқа мейрамханалармен салыстырыңыз. Сізге ыңғайлы жағдай жасай алатын мейрамхананы таңдаңыз. Егерде, жеміс-жидек, сусын, немесе шәй тәттілерін жеңілдікпен алуға мүмкіндігіңіз болса, біраз ақша үнемдей аласыз.

Мейрамхана қала ортасында орналасқан болса, оның бағасы да соған сай жоғары болатынын естен шығармаңыз. Жаңадан ашылған мейрамханаларды да көріңіз. Бастапқыда олардың бағасы екі есеге төмен болады. Тиімді жолын таба білсеңіз, қаражатыңызға да қатты күш түсірмейді.

Бірақ, тым арзанға да жүгірмеңіз. Ас мәзірінде қандай тағамдар бар, олардың қаншалықты дәмді екеніне көз жеткізіңіз. Тағамдарына сенімді болса, олар сізге дәм татқызудан бас тартпайды. Тапсырыс берерде салат түрлерін араластырып берген дұрыс. Дастарханда көп тамақ қалып қойса, ол да шығын.

Безендіру жұмыстары

Мейрамханада екі жастың суретінен жасалған баннердің болуы шарт. Ол өздеріңіздің фантазияларыңызға байланысты. Бірақ тым асыра сілтеудің де қажеті жоқ. Баннерді қол жетімді бағаға жасатуға болатынын ұмытпаңыз.

Екі жастың отыратын жерін көбіне тірі гүлдермен безендіреді. Үнемдеу үшін, сезондық немесе бағасы орташа гүлдерді алсаңыз болады. Қонақтар отыратын үстелдерді де ұмытпаған жөн. Гүлдермен безендіру тым қымбатқа шығып кетуі мүмкін. Сондықтан, бант немесе гүл формасында жасалған тыстарды жалға алыңыз.

Одан бөлек, шақыру билеттері, дастарханды нөмірлеу, жүзік қою жастықшасы, ақша салу табағы сынды дүниелерге де аздап қаражат бөліп қойыңыз.

Фото және видео түсірілім

Кәсіби фотограф жалдағыңыз келсе, орташадан көп ақша шығаруға дайын болыңыз. Той бір-ақ күнде өтіп кетеді. Ал естеліктер мәңгілікке қалады. Сондықтан да, сапалы, әдемі суреттер шыққанын қаласаңыз, ақшаңызды аямаңыз. Фотографтар өте көп. Таныстарыңыздан сұрастырыңыз, немесе әлеуметтік желідегі парақшасынан жұмыстарын көріңіз. Бастысы алданып қалмаңыз. Жарнама арқасында беделі артып, қызмет көрсету бағасы да жоғары фотографтарға ұрынып қалмаңыз. Аса танымал емес, бірақ өз жұмыстарына тиянақты, кәсіби мамандар да бар. Бағасы да ақылға қонымды.

Видео түсірілім де дәл солай. Сізге дейін түсірген тойлардың үзіндісін бір көріп шықсаңыз болады. Сапасы мен түсіру шеберлігі ұнаса, онда сенімді түрде тойыңыздың түсіру жұмыстарын тапсыра аласыз.

Тамада таңдау

Тойдың көңілді өтуі тамадаға байланысты. Қонақтардың көңілін көтеру, күлдірту, өзіңді тыңдата білу де оңай емес. Тамада таңдарда мұқият болыңыз. Өзін-өзі ұстауы, ойын ойнату тәсілі, қонақтарды сөйлете білсе үлкен шеберлік.

Ойыңызда жүрген идеяларыңызды толық жеткізіп, тамадамен алдын-ала келісіп алған жөн. Тойдың ерекше өтуі, сценарий мен тамаданың сөз шеберлігіне байланысты.

Одан бөлек, би ансамблі, сиқыршы, салют ату, және т.б. көңіл көтеру қызмет түрлерін қалауыңызға қарай жалдасаңыз болады. Бірақ тойды оларсыз да көңілді өткізуге болатынын ұмытпаңыз. 10-15 минуттық шоу үшін ақша шашудың қажеті жоқ.

Той көлігі

Той кешке басталады. Тойға дейін екі жұп достарымен бірге қаланы аралап қыдырады. Оған бірнеше көлік қажет. Көлік жалдау қымбат тұрады. Үнемдеудің бір жолы достарыңыздың көмегіне жүгіну. Достарыңыздың жекеменшік көліктері бар болатын болса, тіптен керемет. Тек лимузинді ғана жалға аласыз. Ақшаңызды үнемдейсіз, әрі уақытыңызға да шектеу болмайды.