Шаш үлгісін қалай таңдау қажет?

Ең алдымен, шаштың құрылымына мән беру керек. Мысалы, мен бас жуу процесінде басының пішінін зерттеп аламын. Кейін бет-әлпетіне қарап, жарасымды шаш үлгілерін ұсынамын. Егер шаш қалың, әрі қатты болса, қысқартпай, кішкене ұзын стильде қалдыруға кеңес беремін. Ал шаш сирек, әрі жұмсақ болған жағдайда қысқартып алуға болады. Ер адамдардың басым бөлігі бастың жоғарғы жағында орналасқан шашын ұзын күйінде қалғанын қалайды. Жасы үлкен кісілер көбіне классикалық үлгіні таңдап жатады. Жалпы, қандай шаш үлгісін жасасақ та, ең бірінші, проборын (оңға немесе сол жақа қарай шашты қайыру сызығы) дұрыс таңдап алған жөн.

Әдемі шаш үлгісі — ер адамның визиткасы

Шаштың әдемі, әрі тиянақты алынуы ер адамдар үшін өте маңызды. Жарасымды шаш үлгісі — ер адамның визиткасы. Ер адамдар да, қыздар секілді шашқа қатты мән береді. Мәселен, қыздар ұзын шашын тым қысқа қылып қиып тастаса немесе шаш үлгісі оған жараспаса, қатты ашуланады ғой (күліп). Сол секілді, біздің де шашымыз өз қалауымыздай болмаса, көңіл-күйіміз түседі. Бірақ қыздар сияқты ұзаққа созылмайды (күліп).

Барбер Әсет Маратұлы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

BarberShop-тың ерекшелігі…

BarberShop-қа келгендерге клиент емес, қонақ деп қараймыз. Әр қонағымыздың демалуына жағдай жасауға тырысамыз. Келген адамдардың барлығына тегін шай, кофе, әртүрлі сусындар ұсынамыз. Кезек күтіп отырғандар PlayStation (ойын приставкасы) ойынын ойнаса да болады.

Бізге әртүрлі қонақтар келеді. Өзге қаладан келген қонақтарымыз үшін BarberShop — жаңа стильдегі салон, танымал шаш алу үлгілері, қырыну процедурасының ерекшелігі, қас теру секілді қызмет түрлері. Осының барлығы қонақтарымызға қызық, яғни басқа әлем секілді. Біз үшін, олардың эмоциясы қызық.

Жұмыс барысында әртүрлі жағдайлар болады. Бірі үйренген үлгіде қидыртқысы келсе, екіншісі жаңа шаш үлгісін қалайды. Мұндай жағдайда біз міндетті түрде бас пішініне, шаш құрылымына, бет әлпетіне мән бере отырып, жарасымды үлгіні ұсынамыз.

Барбер Әсет Маратұлы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Ер адамдар ерлерге арналған салонға барғандары дұрыс

«Ер адам маймылдан сәл әдемі болу керек» деген сөз бар ғой. Негізі бізге күніне  айнаға бір рет қарап, шашымызды тарасақ жеткілікті. Егер, ер адам айнаға көп қарап, өзіне көңіл аударса, онда тұрған еш айып жоқ деп ойлаймын. Ал үнемі ұқыпты, таза, әдемі болып жүргені әйеліне, достарына, айналасындағыларға, бастысы өзіне жақсы емес пе?! Сондықтан, ер жігіттердің өзіне күтім жасағаны өте дұрыс.

Ер адамдар міндетті түрде ерлерге арналған салонға барғандары дұрыс. Ол жерде тек ер жігіттер болғандықтан, өздерін емін-еркін сезініп, түрлі тақырыпта әңгіме айта алады. Мысалы, ер адам мен әйел адамға қатар қызмет көрсететін салондарда олар, қас теру, маникюр, педикюр секілді қызмет түрлерін сұрауға ұялады және осы жағдай елімізде көп кездеседі.

Барбер Әсет Маратұлы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Ер адамдар креативті шаш үлгісін ұсынуымды сұрайды

Шаш үлгісі адамға жаңа бейне қалыптастырады. Сақал қою адамға жаңа стиль қалыптастырып қана қоймай, адамды қатал, әрі тартымды қып көрсетеді. Жалпы, шашты сәндеу үлгілерінің нақты атауы жоқ. Себебі қонағымыздың шаш алу үлгісі қандай болса, шашты сәндеу тәртібі де дәл солай болады. Егер қонағымыз шашын үй жағдайында сәндегісі келсе, оның еш қиындығы жоқ. Өйткені шаш қалай алынса, жуылғаннан кейін де өзінің үлгісін сақтап қалады. Немесе мусс, шашқа арналған гель, балауыздардың (воск для волос) көмегімен қалаған үлгісін жасауына да болады. Бірақ тойға, мерекелік кештерге баратын болса, біздің көмегімізге жүгінеді.

Бұрынғы шаш үлгісінен шаршағанда немесе жаңашылдықты қалаған кезде, ер адамдар креативті шаш үлгісін ұсынуымды сұрайды. Сонда қиялыма ерік беремін. Осы салада жүргеніме 15 жыл болғандықтан, жаңа образ ойлап табу мен үшін қиын емес. Кейде клиенттің сұрауы бойынша, шаштың түсін заманауи стильде өзгертіп те жатамын.

Барбер Әсет Маратұлы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Ер адамдар да маникюр мен педикюр жасатады

Бұл қызметті бізде қыздар атқарады. Өсіп кеткен тырнақ пен артық еттерді алып тастайды. Қас теру кезінде қыздар секілді оның пішініне аса мән бермейміз. Тек артық өскен шаштарды қысқышпен (пинцет) жұлып, өзінің табиғи қалпын сақтаймыз. Сонымен қатар, беттегі артық қылтандарды балауыздың көмегімен жұлып, бет күтіміне арналған түрлі маскаларды да жасаймыз.

Жаңа тенденция бойынша шаш жоғары қарай тікірейтіп алынатын болады. Самайдағы шаш қатты қысқартылмайды. «Мид фейдке» ұқсас танымал шаш алу үлгісі сәнге кіреді. Бастың артқы жағындағы ұзын шаш сақталады.

Барбер Әсет Маратұлы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Балалар көбіне атақты адамдардың шаш үлгісін таңдайды

Көп жағдайда шаш үлгісін балалары үшін ата-анасы шешеді. Бірақ көбіне олар атақты футболистердің мысалы, Роналдоның үлгісін қайталағысы келеді. Немесе Спайдермэн, Бэтмен секілді мультфильм кейіпкерлерінің өрнегін салып беруімді сұрайды. Біз, өз кезегімізде клиенттің қалауын орындап, сұраған шаш үлгісін жасап, өрнегін салып береміз. Жалпы, ересектер мен балалардың шаш үлгілері ұқсас.

Шаш үлгілері…

Мид фейд — ең қиын шаш үлгісі. Ол жерде шашты жұқартып алып, бір қалыпты стильді сақтап қалу қажет. Шаш ұзындығы бірдей болуы маңызды. Цезарь — ең қарапайым шаш үлігісі. Шаштың жоғарғы жағындағы қалыңдығын сақтай отырып, төменгі шаш жұқартып алынады.

Барбер Әсет Маратұлы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

ТОП-10: Ерлерге арналған шаш қию үлгісі

  1. Undercut (андеркат) — шаштың жоғарғы жағын ұзын күйінде қалдырып, екі самайы қысқартылып алынады да, шашты қайыру сызығы (пробор) оңға немесе сол жақа қарай бөлінеді;
  2. Fade (фейд) — мойынның артқы жағындағы қысқа шаштан, бастың жоғарғы жағына қарай шаш ұзындығын сақтай отырып алынады. Бастың жоғарғы жағынан төменгі жағына қарай шаш жұқартылады;
  3. Mid fade (мид фейд) — екі самайының және арт жақтағы шаштары қысқартылады. Шаш ұзындығы құлақтан жоғарыға қарай сақталады;
  4. Top knot (топ кнот) — құлақтан төмен шаш толығымен қырқылады да, үстіңгі шашты буып қояды;
  5. Ceasar (цезарь) — жоғарғы жағындағы шаш қалыңдығын сәл сақтай отырып, төменгі жағы толығымен жұқартылып алынады;
  6. Урбан — шаштың жоғарғы жағы қысқартылып алынады да, шаштың төменгі жағына қарай білінер-білінбес етіп қырқылады;
  7. Помпадур — бастың жоғарғы жағындағы шаш қалыңдығын сақталып қалады да, төменгі жағы толығымен жұқартылып алынады. Шаш артқа қарай қайырылады.
  8. Side Part (сайд пард) — шаштың қалыңдығы мен ұзындығын қалдыра отырып, классикалық түрде шаш қию үлгісі сақталады. Шашты қайыру сызығы бір жақа қарай жатқызылады;
  9. Man Ban (мэн бан) — шаш толығымен буылады;
  10. Ирокез — шашты жоғарыға қарай тікірейтіп тұрғызылады. Кез келген ұзындықтағы шашқа тартымды көрінеді.
Барбер Әсет Маратұлы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Сақал қойдыру — ер адамның стилін ашады

Сақал — бет сүйегінен бастап, жақ сақалы (бакенбарды) — шаштан төменге қарай өседі. Ер адамның барлығына да сақал жарасады. Сақал қойдыру — ер адамның стилін ашады. Сондықтан сақал қойдыруға тек үйрену қажет. Сақал сирек өсетін жағдайда, оны өсіретін арнайы құралдар бар.

Сақал қойдырғаннан кейін оған ерекше күтім керек. Оны үнемі қидырып, тарап, түрлі шипамайларды (бальзам) пайдаланған дұрыс. Әр екі апта сайын сақалды алдырып тұру керек. Егер адам сақалын толығымен алдырып тастағысы келсе, біз, ыстық орамалмен терідегі ұсақ тесіктерді ашып, суық орамалдың көмегімен тарылтамыз. Бұл процесс инфекцияның түсуіне жол бермейді. Ал үйде қырыну кезінде, ер адамдардың ешқайсысы бұл әдістерді пайдаланбайды.

Барбер Әсет Маратұлы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Сақал мен мұртқа жасалатын қызмет түрлері:

  • Корольдік қырыну (королевское бритье) — сақалды толығымен алдырып тастау;
  • Классикалық қырыну (классическая профессиональная борода) — артық жерлерде өскен шаштарды алып, мұрт пен  сақалдың табиғи пішінін сақтау;
  • Боцмандық (боцманский) — тек қана сақалдың болуы;
  • Капитандық (капитанская) — сақал мен мұрт қойдыру;
  • Хипстерлік (хипстерская) — сақал олпы-солпы түрде, шаштан бастап төменге қарай ұзын қалпында өсіру;

Шаштан бөлек, біз сақалды да бояймыз

Ер адамдар шашын креатив үшін немесе ақ шаштарынан құтылу мақсатында бояйды. Шаштың төбесін түссіздендіре отырып, оны күл түсті қып (пепельный) бояу қазіргі уақытта өте танымал. Креативті шаш бояуына көбіне тек жастар жазылады. Мұндай бояуға келетіндердің саны өте аз. Орта жастағы ер адамдар ақ шашты күңгірт қара түске бояту үшін келеді. Шаштан бөлек, біз сақалды да бояймыз. Көп адамдарда сақал ақ, қара, қызғылт, сарғыш т.б түсті болып өседі. Мұндай жағдайда сақалды бір түске келтіріп бояймыз. Жақ сақалы (бакенбарды) болатын болса, ол сақалмен бірге боялады.

Барбер Әсет Маратұлы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

BarberShop ерлерге арналған салонының қызмет көрсету бағалары:

  • Шашты қидыру — 4000 теңгеден жоғары;
  • Креативті шаш алу (сурет, өрнек, шаш қайыру сызығы) — 5000 теңге;
  • Сақал алдыру немесе қыру — 2500 теңге;
  • Комбо: шаш алу және сақал қыру — 6000 теңге;
  • Қас теру — 1000 теңге;
  • Балауыздың көмегімен артық шашты алу (удаление воском) — 2000 теңге;
  • Бет күтіміне арналған маска жасау — 3000 теңге;
  • Маникюр және педикюр — 9000 теңге;
  • Комбо күйеу бала (барлық қызмет көрсетіледі) — 12000 теңге.
Барбер Әсет Маратұлы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Әр 5 жыл сайын шаш алу стилі өзгеріп тұрады. Кейде танымал шаш үлгісінен де жастар тез шаршайды. Олар үнемі жаңа стильде, креативті болып жүргенді қалайды. Сондықтан да, ұзын шаш қойдыру, классикалық канадка, яғни бұрынғы шаш үлгілерінің қайта сәнге кіруі әбден мүмкін.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.