Аталған науқан үш бағытта жүргізіледі. Олар Астана тұрғындарына тегін такси қызметін ұйымдастыру, мұқтаж жандарға көмір жеткізу және көше тазалаушылар мен құрылысшыларға ыстық шәй мен тамақ ұсыну көзделіп отыр.
Қайырымдылық акциясына кез келген қала тұрғыны қатыса алады.
«Былтыр да аязды күндері кішігірім бастамалар көтерілді. Биыл Астананың 8 мешіті бірігіп, ауқымды қайырымдылық шарасын атқарғалы отыр. Бүгін таңғы 8-де басталған шара аясында 200 адамға ыстық шәй мен тамақ берілді. Жамағаттан жиналған қаражатқа көмір алып, оны мұқтаж жандарға, шамамен 10 отбасына 3 тоннадан түсіріп беруді жоспарлап отырмыз. Көлікке мұқтаж жандарға тегін такси қызметін де ұсынамыз», — дейді «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Асқар Мұқанов.
Бас имамның айтуынша, қазіргі уақытта қала ішінде 25 көлік қала тұрғындарын тегін тасып жүр және мұнда жолаушының қауіпсіздігіне баса мән беріледі.
«Алдымен тілек білдірген жүргізуші мешітке келуі керек. БІз оның көлігінің жай-күйін, жүргізу куәлігін тексереміз, телефон нөмірі мен аты-жөні, мекенжайын жазып аламыз және жолаушының қауіпсіздігі туралы бірқатар ережелерді түсіндіреміз. Содан кейін ғана, мешіт атынан қайырымдылық шарасына қатысуын мақұлдап, көлік терезесіне арналған кішігірім баннерімізді береміз. Мешітке қарттар жиі хабарласады, оларды да діттеген жеріне жеткізіп тастауға тырысамыз», — дейді имам.