Қартаюдың алдын алатын 5 минуттық әрекеттер

Лифттен бас тарту

Жаттықтырушылардың, спортшылардың көпшілігі лифттен бас тартуға кеңес береді. Баспалдақпен шығып-түсу аяқ бұлшық еттеріне оң әсерін береді. Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары жүйесіне де бұл қарапайым жаттығудың пайдасы көп. Спортшылар жаттығу кезінде баспалдақтарға жүгіріп шығып-түсу тәсілін жиі қолданады. Бұл демді қалыпқа келтіруге көмектеседі.

Теңіз тұзымен жиі ауыз шаю

Мұндай табиғи өніммен ауыз қуысын шаюдың пайдасы мол. Теңіз тұзын жылы суға ерітіп, тамағыңызды шайсаңыз, ангинаны болдыртпайды. Сондай-ақ тіс жегінің пайда болуының да алдын алады.

Ұйқы алдында аяқты суық сумен жуу

Ұйықтар алдында бір минуттай уақыт аяғыңызды суық сумен шайыңыз. Бұл сіздің тыныш ұйқыңызға кепіл болмақ. Сондай-ақ бұл әрекет аяқтағы қан тамырларына оң әсерін береді.

Көзге демалыс беру

Күні бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін ағзаның бірі — көз. Сондықтан оған демалыс беріп тұру да қартаюдың алдын алады, көру қабілетін бір қалыпта сақтауға көмектеседі. Біз ұсынатын көзге арналған жаттығудың бірі мынау: көзіңізді қолыңызбен жабыңыз. Бірақ қабағыңызға қолыңызды тигізбеңіз. Осылай бірнеше минут тұру керек. Бұл жаттығуды күніне 4-5 рет жасап тұру көптік етпейді.

Теріні балмен емдеу

Көпшілігімізде пайдалы дәрумендерді тамақтану арқылы ғана ағзамызға сіңіреміз деген түсінік қалыптасқан. Бірақ теріге де дәрумен қажет екенін ұмытпаған жөн. Ол үшін денеге бал жаққан тиімді. Біраз уақыт балды денеге сіңіртіп, кейін душ қабылдау арқылы балдан тазартқан жөн. Бұл процедура арқылы адам терісі 40 түрлі дәрумендер мен микроэлементтерді өзіне сіңіреді екен.

Қабырғаға сүйеніп тұру

Арқаны тік ұстап жүру қаншалықты әдемі көрінгенімен, көпшілігі үшін ең қиын әрекеттің бірі. Мұны үйрену үшін арқаңызды қабырғаға беріп, біраз уақыт тұрыңыз. Сол қалпыңызды сақтап басыңызға бірнеше кітапты қойып, отырып-тұру (приседание) жаттығуын жасаңыз. Бұл мүсініңіздің сымбатын сақтауға көмектеседі.