I топтағы мүгедектерді бағып отырғандарға жәрдемақы төленеді

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауында әлеуметтік салаға ерекше тоқталды.

«2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырамын. Бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алады. 2018 жылы осы мақсатқа 3 миллиард теңгеге дейін қаржы қажет болады», — делінген Елбасы Жолдауында.

Елбасы 2018 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінген шығын 12 %-ға өсіп, 4,1 триллион теңгеден асқанын атап өтті. Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табысын көбейтеді.

«2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 %-ға артты. Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 %-ға дейін өсті. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады», — делінген Жолдауда.

Дереккөзbaq.kz