«Футболшы болам» деген арманым орындалмады
Оқушы кезінде қыздардың бәрі биші болуды, ұлдардың бәрі футболшы болуды армандайды ғой. Мен де солай армандадым. Мектепте оқып жүргенде футболды жақсы ойнадым. Алайда қазақта «доп ойнаған тозар» деген сөз бар. Ата-анам менің доп қуғанымнан гөрі білім жолын қуғанымды қалады. 6-сыныптан кейін Қазақ-түрік лицейіне қабылдандым. Ол жерде футболмен айналысуға мүмкіндік те, уақыт та болмады.
Жаман оқушы болмадым, ата-анам артқан үмітті ақтадым. Лицейді аяқтаған соң Астана қаласына университетке түстім. Радиотехника және электроника мамандығы бойынша білім алдым. Бірақ «футболшы болам» деген бала арманым ұмытылмады.
Дипломымды сандыққа салып қойып, футбол мектебін аштым
Қазіргі қазақ қоғамында дипломның құны жүрек қалауынан жоғары тұратыны белгілі. Университетті аяқтаған соң мамандығым бойынша жұмысқа орналастым.Алайда өзімнің бала арманым орындалмағандықтан, алдыма басқа балалардың арманын орындаймын деген үлкен мақсат қойдым. Жұмысымдағы бастығым да менімен мүдделес болып, мақсатыма жетуге мүмкіндік берді. Сөйттім де, дипломымды сандыққа салып қойып, Астана қаласынан «BiiM League» ЖШС-мен бірігіп «BiiM» футбол академиясын аштым.
Футбол мектебін ашу үшін арнайы алаң, мықты жаттықтырушы, сапалы доп пен басқа да құрал-жабдықтар керек. Көпшілігі Қазақстанда жоқ. Сондықтан, Англиядан сатып алдық. BiiM футбол мектебінің маркетингімен, балаларды жаттықтырумен, бухгалтерлік есептеулермен де өзім айналысамын. Басқа да кәсіби жаттықтырушыларымыз бар. Өз қолыммен тұрғызған кәсіп тәй-тәй басып келе жатқанда еш жерден сүрініп кетпесе екен деп тілеймін. Сондықтан, әрбір істің басы-қасында өзім жүремін.
Футболшы алаңда шынығады
BiiM футбол мектебі 6-14 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Аптасына 3 рет 1,5 сағаттан жаттықтырамыз. Бағасы — айына 15 мың теңге. Ай сайын 12 жаттығу жұмысы жүргізіледі. Әр демалыс сайын шағын матч өткізіп отырамыз. «Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» дегендей, футболшы алаңда ғана шынығады. Жаттығу кезінде үйренген әдіс-тәсілдерін ойын үстінде ғана көрсете алады.
Футбол ойынының өзі стратегияға құрылады. Қақпаға гол соғу үшін жылдамдықтан бөлек, дұрыс жаттығу техникасын меңгеру керек. Біздің футбол мектебіндегі жаттықтырушы мамандар еуропалық стильде доп тебуді, парашютпен жүгіру жаттығулары, финт, дриблинг, хавбек, вингер деген әдіс-тәсілдердің бәрін үйретеміз. Шәкірттеріміз көптеген Республикалық матчтарда жеңіске жетіп, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
Кез келген қазақ доп тебе білуі керек
Менің тәжірибеме сенсеңіз, кез келген қазақ баласын доп тебуге үйретуге болады. Тек ниет түзу болса болғаны. Допты ұстап көрмеген балалар да біздің орталыққа келіп, дайындалып, футболшы атанып жүр.
Жер бетінде адам баласының қолынан келмейтін дүние аз. Ал доп тебу көп еңбекті, машықтануды талап етеді. Осы күнге дейін «мен доп тебе алмаймын» деген ер баланы көрмеппін. Мейлі бала болсын, орта жастағы азамат болсын, қандай салада жұмыс істемесін, ер жігіттерге қойылатын талап біреу — доп тебе білу. Кәсіби тұрғыда болмаса да, футболдың негізгі ережелерін білуі керек. Ұжымда да, мерекеде де, отбасымен демалысқа барғанда да балаларына доп тебуді үйрете алатын, достарымен бірге алаңда ойнай алатын адам сыйлы болады.
FS BiiM-де жүзге жуық оқушы бар
Алғашында Астана қаласында ашылған футбол академиясының жақында Семей қаласында да орталығы ашылды. Орталық «Спартак» стадионында орналасқан.
Жалпы, Астана мен Семейде жүзге жуық баланы доп тебу мәнеріне үйретіп отырмыз. Соңғы уақытта Қазақстанда балалар футболына көп көңіл бөлінуде. Өйткені алдыңғы толқын спортшылар алаңнан шығатын уақыт жетті. Оларды алмастыратын футболшылар дайындау керек. Бұл – біздің басты міндетіміз.
Оқу үлгерімі нашар оқушыларды қабылдамаймыз
Біздің ұжым әрбір тоқсан сайын шәкірттеріміздің оқу үлгерімін тексеріп, ұстаздары мен ата-анасының келісімін алып отырады. Мектеп бағдарламасын дұрыс меңгермеген, оқу үлгерімі нашар балаларды футбол академиясына қабылдамаймыз. Себебі, футбол – математикалық сауаттылық пен геометриялық есептеулерді де қажет ететін спорт саласы. Оның үстіне, ата-аналар арасында «доп ойнаған озбайды» деген қате түсініктің белгілері әлі де болса сақталып қалған.
Бізде аптасына үш рет жаттығулардан бөлек, аналитикалық ғылым саласының мамандары, теориялық сабақ беретін ұстаздар, психологтар мен дәрігерлер арнайы дәрістер өткізеді. Спортшыларға білімді, сауатты болудың қажеті жоқ деген жансақ пікір. Біздің кейбір шәкірттеріміз футбол академиясына қатысу үшін сабақты жақсы оқуға тырысатындарын айтып жатады. Мұның өзі біз үшін үлкен жетістік.
Нағыз таланттарды ауылдан іздеу керек
Доп тебу өнерінің нағыз шеберлері ауыл-аймақтарда. Biim футбол академиясының мақсаты о бастан табыс табу, бай болу емес. Басты мақсат – қазақ жастарының спортқа, футболға деген қызығушылығын арттырып, кәсіби мамандар дайындау. Сондықтан, бізде қайырымдылық шаралары жиі жүргізіледі. Қала маңындағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілері бізде тегін жаттығады. Алдағы уақытта ауыл-аймақтарды аралап, командаға жақсы шәкірттер жинау жоспарда бар.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.