Астананы Дубай ма деп таңданғаным есімде – поляк саяхатшысы

Әлемге әйгілі поляк саяхатшысы Яцек Палкевичтің жетекшілігімен көктемде халықаралық «Ұлы жібек жолы 2018» экспедициясы сапарға шығады. Жиһанкез жолай қазақ еліне де соғады. Әрі саяхатшылар біздегі ЮНЕСКО мәдени мұраларының тізіміне енген 33 нысанға арнайы ат басын бұруды жоспарлап отыр.

Яцек Палкевич
©nuz.uz

Саяхтшының Варшавадағы үйі мұражайға бергісіз. Еуропада Палкевичтің есімі ерлік пен көзсіз батырлық сөздерімен қоса аталады. Атлантиканы жеңіл қайықпен жүзіп өтіп, Сахара шөлін ойсыл қара түйемен, ал сары аязы сақылдаған Якутияны бұғымен  бағындырған саяхатшы осы. Еуропада алғаш  болып, «табиғаттың құшағында тірі қалу» мектебін құрған сабазыңыз да осы адам. Енді міне «Ұлы Жібек Жолы» халықаралық экспедициясын қолға алмақ. Мақсат – жеті мемлекетті басып өтіп, 10 мың шақырымды жүріп өту, жол бойындағы елдердің мәдени байланыстарын бекемдеу.

Саналы ғұмырының қырық жылын ел мен жер кезіп өткізген жиһангез 30-ға жуық жинақ жазып үлгерген. Жай жинақ емес, ғылыми негіздері бар том-том болып қатталған үлкен еңбек. Саяхатшы Қазақстанның бас қаласы  жүрегіне жақын екендігін жасырмайды. Экспедиция арқылы қазақ жерінің киелі жерлерін әлемге әйгілеу менің негізі мақсатым дейді ол.

«10 жыл бұрын ғана Еуропа елдері Астананың қайда екенін білмейтін еді. Қазір Қазақстанды Орталық Азияның ең дамыған елі деп  таныйды. Мен бұл елді 20 жыл бұрын көргенмін, жақында кезекті рет барғанымда өз көзіме өзім сенбедім. Ұшақта отырып, мынау қай қала? Дубай ма деп таңданғаным  есімде», – дейді саяхатшы.

Палкевичтің жетекшілік етуімен «Ұлы жібек жолы 2018» халықаралық экспедициясы осы көктемде сапарға шығады. Қытайда басталып, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусьті жүріп өтіп, Польшада тоқтайтын керуен көші – жеті мемлекеттің жерімен жүріп өтпек. Бұл ретте «Жібек Жолының» жүрегі саналатын Қазақстанда 12 күн бойы аялдап, еліміздің ЮНЕСКО мәдени мұраларының тізіміне енген нысандарын да видеоға түсіру жоспарда бар.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!