Қазақ музыкасы жинақталған Music Me плейлисті пайда болды

«Қазақтар әлемнің қай нүктесінде жүрсе де, Құрманғазының күйін немесе Батырхан Шүкеновтың әнін естігенде, туған жерін еске алады. Оның сенімі, көзқарасы мен қызығушылығына қарамастан, кеудесінде атамекеніне деген сағыныш пайда болады. Себебі музыка — барлық қазақстандықтарды біріктіретін әмбебап тіл. Music ME жобасы — қазақтың сан алуан музыкасын бір платформаға біріктірудегі алғашқы қадамымыз. Онда барлық музыканы, авторларды қамтыдық дей алмаймыз, бірақ бұл бастама жалғасын табарына сенеміз»,- деп жазады жоба авторлары.

Жаңа плейлист Қазақстанның картасы пішінінде жасалған. Одан қажетті аймақты таңдау арқылы, сол өңірден шыққан немесе соны әнге қосқан авторлардың туындысын тыңдауға болады. Жобаны Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бастамасымен The-steppe.com интернет журналы жасаған.

«Егер біз түп-тамырымызды сақтап қалмасақ, ұлт ретінде жойылып кетеміз. Бұл — біздің сол тамырымызды болашақ ұрпаққа сақтап қалуға жасаған қадамымыз. Ол сонысымен құнды. Music Me — Тәуелсіздік күніне жасаған тартуымыз. Барлығыңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын және өткеннің ұмытылмай, ертеңіміздің жарқын болуын тілеймін!»- дейді отандық продюсер Алуа Қонарова.