«Төремұрат» кеші туралы

«Төремұрат» жобасының басты мақсаты – өзімді көрсетіп, кеш беру емес, тыңдарманға күйдің орындалу барысын, күйшіліктің, күйдің не екенін түсіндіріп, сол арқылы жастарды дәстүрлі өнерге тарту. Жобаның форматы өзгеше: эстрада түгілі, дәстүрлі әнші де қатыспайды. Ол – таза күй кеші. Көременнің айтуы бойынша, концерт өте керемет өтті. Бәрі мақтап жатыр. Онда менен бөлек ҚР Еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, анамның қылқобызшы шәкірттері қатысты. Бұл жобамен еліміздің батыс өңіріндегі қалаларды аралап шықтым. Енді жоспар бойынша, Астана қаласына бармақпыз.

Күйші Сабира Бибатырова, фото © Айгүл Хожантаева
Күйші Сабира Бибатырова, фото © Айгүл Хожантаева

Музыканттар әулеті

Анам — «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжіндегі қылқобыз сыныбының негізін қалаушы ұлағатты ұстаз. Оның шәкірттері елімізге белгілі өнер ордаларында қызмет етіп жүр. Атыраудағы концертімде Атырау музыка колледжіндегі қылқобыз сыныбын ұстап отырған шәкірттері қатысса, Алматыда Чайковский атындағы музыка колледжіндегі қылқобыз сыныбының ұстазы да – анамның шәкірті. Нағышаларымның бәрі – музыканттар.

Менің нағашы атам — республикаға танымал белгілі аспап шебері Мырзағалиев Бисенғали. Кезінде Сейілхан Құсайынов, Раушан Нұрпейісовалар Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясын құрған кезде, аспап тапшы болып, менің атама жасатқан екен. Дина оркестрі құрылған соң, олардың да аспаптарын жасап беріп отырған. 1993 жылы атамның қолынан шыққан аспап «Үкілі домбыра» конкурсында бас жүлдені жеңіп алды. Ол кісі алғашқы аспабын жасағанда 16 жаста болған екен. Осы салаға елу жыл ғұмырын арнап, бес мыңнан астам музыкалық аспапты жасап шығарған.

Күйшілердің аяғын айқастырып отыруы дұрыс емес

Денсаулығыма байланысты өнерден бес жылға жуық шеттеп қалдым. Сол уақытты босқа жібермей, «Жеті әдістеме» атты еңбегімді жазып бастадым. Ол жерде домбыра тартқандағы отырыстан бастап, сахнада өзіңді ұстау мәдениетіне дейін қамтылған. Кітаптағы мәліметтің барлығы психологиялық, физиологиялық және медициналық дәлелдермен жазылған.

Мысалы, күй шерткен кездегі отырысты алайық. Концертіме келгендер байқаған болар, мен күй тартқанда бір аяғымды кішкене тіреуішке қойып отырамын.

Күйші Сабира Бибатырова, сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
Күйші Сабира Бибатырова, сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазір көп күйшілер аяғын айқастырып отырады. Ол дұрыс емес және денсаулыққа зиян. Уақыт өте келе омыртқаның жарасына алып келеді. Ал біз студент кезімізде неше сағат солай дайындалдық… Мен домбыраны төрт жасымнан бастап ұстадым. Отбасымыз өнер адамдары болғандықтан, анам музыкалық қабілетімді шыңдау үшін мені жұдырығында ұстады. Бала болып ойнаған жоқпын. Тоғыз сағат бойы күй тартып дайындалатынмын. Ол кезде білмегендіктен, аяқты айқастырып отыра беретінбіз. Ал енді Дина Нұрпейісова апаларымызға қарасақ, ол кісілердің кезінде орындық болған жоқ. Олар жерге малдас құрып отырып тартатын. Ол – таза табиғи отырыс.

Негізі ол үлгіні жаңалық қылып отырған мен емес. Оны Айгүл Үлкенбаева жеті-сегіз жыл бұрын ашқан болатын. Ол кісі өзінің мектебінде шәкірттерін солай отырғызып, үйретеді. Бірақ бұл туралы айтты ма, жоқ па, білмеймін. Мен соны күйшілер білсе екен деймін. Бұл – әдістеменің тек жиырма пайызы ғана. Ары қарай алты әдістемесі бар. Кітап таза кәсіби домбырашыларға арналған. Бұйыртса, келесі жылы қаңтар айында жарыққа шығады. Ақпан айынан бастап Атырау, Орал қаласындағы музыка колледждерінің студенттерімен кездесіп, осы әдістеме бойынша екі күндік семинар өткіземіз. Сол семинарға қатысқан балалар үш ай қарамағымда болады. Одан нәтиже шығарғандарын «Төремұрат» жобасына аламын. Олар менімен бірге гострольдік сапарларға шығатын болады.

Күйдің тыңдармандары кімдер?

Күйдің тыңдармандары жастар немесе қариялар деп бөлуге болмайды. Олай бөлуге дәлел де жоқ. Бес саусақ бірдей емес. Үлкен кісілердің ішінде де Қайрат Нұртас сынды эстрада жұлдыздарын тыңдайтындар бар. Сол сияқты домбыраны да еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін тыңдайды. Мүмкін қазір күйдің тыңдармандары салыстырмалы түрде аз шығар, бірақ «көш жүре түзеледі». Сол көшті түзеу үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Мен концерт қоюдан өзге, ұйымдастырушылықпен де айналысамын ғой. Сонда байқағаным, күйге сұраныс көп. Мысалы, жабық банкеттерде үлкен кісілер күй тыңдағысы келіп, жиі ұсыныс тастайды. Сондай кездерде барып, құлақ құрышын қандырып қайтамыз. Бағасы қымбат деуге де келмейді, әркім өз бағасын өзі қояды. Бірақ мен тойға көп шықпаймын. Тек таныстарымның қуаныштарына ғана барамын десем де болады.

Күйші Сабира Бибатырова, фото © Айгүл Хожантаева

Елбасымыз шетелге шыққан кезде міндетті түрде Құрманғазы оркестрін бірге алып жүреді. Неге? Неге эстрада әншілерін алып бармайды? Себебі дәстүрлі өнер — біздің ұлтымыздың мәдениетін, руханиятын паш ететін өнер. Халық соны енді-енді түсініп, бет бұрып жатыр. Соңғы кезде Асылбек Еңсепов сынды домбыраны эстрада арқылы deco нұсқасында тартатындар шықты. Олар күйді ешкім тыңдамайды деп қорыққандықтан, оған эстраданы араластырып жүр. Ал мен жүрексінбестен күйдің өзін халыққа ұсынуды бастадым. Қазіргі тыңдарман оны қабылдауы үшін қанша уақыт кететінін білмеймін, бірақ күйге сұраныс артатын уақыт қашан келеді деп жүре бермей, халықтың психологиясын, көзқарасын, ойын, құлағын үйретуіміз керек. Осылай біреу бастамаса, жүре береміз.

Жеке электронды поштасы жоқ күйші

Егер жұлдыз боламын десем, баяғыда болатын едім. Бірақ менде ондай мақсат жоқ. Сол себепті де еш жерде өзімді жарнамалаған емеспін. Біреулер аз да болса, пиар деп жылтыңдап сұхбат беріп, әлеуметтік желілерге өзінің күй шерткен видеоларын жүктеп қояды ғой. Менде ондай жоқ. Тіпті өзімнің жеке электронды поштам да жоқ.

Бағана «бес жыл үзіліс жасадым» деп айттым ғой. Өнерге қайтадан бет бұруымның да себебі бар. Қарап отырсам, мен қазір орта буынның қатарына кіреді екенмін. Жас кезімде күй өнерінің ақсақалдарын көрдім. Рысбай Ғабдиев, Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедьяров сынды мықты кісілердің көзін көріп, кәсіби деңгейде сабақ алдым. Консерваторияда жүргенде жалғыз Қаршыға ағайда ғана оқып қоймай, Айгүл Үлкенбаевадан бастап, қандай күйшілер, домбырашылар бар, бәрінің шеберлік сағаттарына қатысуға тырыстым. Тіпті пианистерді түсіну үшін, сабақтарына қатысып көрдім. Сол білген-түйгендерімнің бәрін өзіммен бірге алып кеткім келмейді.

Сонымен бірге өскелең ұрпаққа, жастарға қарасам, күй өнері мүлдем басқа бағытқа кетіп бара жатқан сияқты. Халықтың құлағы тарсыл-гүрсілге үйреніп қалған. Қазақта «Әнді айта алмаған — айқайлаған, домбыраны тарта алмаған — сабалаған» деген сөз бар. Қазір бәрі сабалауға кетіп бара жатыр. Тарсылдатса бітті, тыңдармандар «Үй!», «Ой!», «Шап!» деп айқайлайды. Ал күй деген негізі – адамның көңіл күйі, жан дүниесінің күйі. Кезінде Құрманғазылар домбыраны тарсылдатып, сартылдатып: «Міне, мен жауларымды былай қырдым, былай тарсылдатып ұрдым»,- деп айтпаған ғой. Ол ішіндегі жан-дүниесін жеткізген. Бұл туралы кезінде Қаршыға ағай айтып кетті. Бірақ соны дұрыстап ұстап қалған адам аз. Соны біз халыққа қайтадан алып келіп, жастарға бірінші орында дыбысқа мән берілу керек екенін дұрыстап түсіндіруіміз керек. Осы жерде «күйді нотамен немесе тыңдау арқылы үйретудің қайсы тиімді?» деген туралы сауал туындайды.

Күйші Сабира Бибатырова, сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
Күйші Сабира Бибатырова, сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазіргі жастар күйшілердің ескі таспаларын тыңдамайды

Баланы үлгі көрсету арқылы тәрбиелейміз. Ата-ана оған қанша жерден ақыл айтса да, бала бәрібір көргенін істейді немесе сіз «А» пунктінен «Б» пунктіне бару үшін картаны қосып, сол көрсеткен бағытпен жүріп барасыз ғой. Нота – сол сияқты нұсқау. Ол міндетті түрде керек. Нотаның көмегімен оқушы жалғыз күйді емес, басқа да шетелдік әуендерді игере алады. Бірақ нотадан шықпасам болды деу жеткіліксіз. Тыңдауды да естен шығаруға болмайды. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясындағы кейбір ұстаздардың айтуынша, қазіргі жастар күйшілердің ескі таспаларын тыңдамайды екен. Оны міндетті түрде тыңдау керек. Абай атамыз «Құлақтан кіріп бойды алар» деп бекер айтпаған. Құлақтан кірген нәрсе, адамның өн бойынан өтіп барып, қолына берілуі керек. Сол кезде нота көмекке келеді.

Бірақ жас күйшілерге бәрі бірден болады деп асығудың қажеті жоқ. Себебі жастық шақта ойнаған ойын басқа болса, есейе келе, өмірді көре келе, күйге деген түсінік өзгере келе басқаша болады. Мысалы, «Абай жолын» әр жаста оқығанда әртүрлі әсер етеді деп айтамыз ғой. Бұл да сол сияқты дүние.

Өнерге қалай келдім?

Атамның аспап жасайтын шеберханасы бар. Одан бөлек үйде бір бөлмені шеберхана қылып қойған. Сонда белгілі күйшілердің таспасын қосып қойып, домбыра жасайтын. Сол кездерде атамның жанына барып алып аламын. Маған: «Шаң боласың, кет»,- деп ұрысса да, кетпей тыңдап отырады екенмін. Арасында атамның өзі де күй ойнайды. Бір күні кішкентай домбыра жасап берді. Басқаларға бірінші домбыра ұстауды көрсетсе, маған бірден Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін үйретті. Содан бастап таңертеңнен кешке дейін домбыраны сабалап отырады екенмін. Анам жұмыстан келгенде бір күйді домбыраға қарамай татып беруім керек деген мақсат қойып, күні бойы дайындалатынмын. Сөйтіп өзім өскен сайын, домбырам да үлкейіп отырды.

Домбыраны дыбысына қарап таңдау керек. Оны кез келген дүкеннен емес, арнайы аспап жасайтын шеберлерден сатып алған дұрыс. Сосын әр боксшының өз қолғабы, әрбір бильярдшының өзі кийі болатыны сынды, әркімнің жеке аспабы болғаны дұрыс. Себебі менің домбырамды басқа домбырашы шертсе, оның қағысына байланысты басқаша дыбыс шығуы мүмкін.

Алғашқы жетістігім тосын оқиғаларға толы болды

1996 жылы алғаш рет «Айналайын» өнер фестиваліне қатыстым. Ол кезде әділ қазылардың төрағасы Рысбай Ғабдиев еді. Мен байқаудың соңында түскі ас уақытына таяу шығатын болдым. Оның алдында мектептің хорында бармын. Менен кейін түскі үзіліс еді. Хорда ән айтып болып, киім ауыстырамын дегенше, сахнаға шығатын есіктерді біреу жауып тастапты. Әдейі істеді ме, жоқ па, білмеймін. Сонда анам: «Жүгір! Залдан, көрерменнің арасынан шық!»- деді. Жүгіріп бара жатып, баспалдақтан құладым. Тұрсам, ақ колготиімнің тізесі жыртылып қалыпты. Көйлегім қысқа, тіземнің жыртығы көрініп тұр. Соған қарамастан, жүгіріп келе жатсам, сахна жабылып барады. Тоқтап қалдым. Сол кезде артымнан бір күш итеріп жібергендей болды. Қайтадан жүгіріп бара жатып, әділ қазыларға көз қиығымды салдым. Олар қағаздарын жиып, орындарынан тұрып барады екен. Мені көрген Рысбай ағай қасында отырған музыка колледжі директорының киімінен тартып: «Отыр-отыр»,- деп, мені нұсқады. Сол сәт әлі күнге дейін есімде. Сөйтіп сахнаға жүгіріп шығып, орындығымды дұрыстап, микрофонды икемдеп жатсам, сахнаның передесі жабылып қалды (күліп). Бәрі шапалақтап жатыр. Сонда да орындығым мен микрофонды сүйреп бер жағына шығарып алдым да, ештеңеге қарамай Құрманғазының «Бозшолақ» күйін бастап кеттім. Көрермен тынбастан қол соқты. Сөйтіп бас жүлде алып, бірінші рет Алматыға келдім. Байқаудың ұйымдастырушысы Сара Алпысқызымен кездестік. Ең алғашқы жеңісім осындай тосын оқиғаларға толы болды. Ол – ешқашан ұмытылмайтын сәт. Содан бастап Рысбай ағай бертінге дейін «Сен – берілмейтін қызсың» деп айтып келді.

Одан кейін де бірталай байқауларға қатысып, бас жүлдесін қанжығама байлап жүрмін. Бірақ оларды «Ер Төстігім – бір төбе, тоғыз ұлым – бір төбе» деп, бір-бірінен бөле алмаймын. Мен үшін барлық жеңісім – менің жетістіктерімнің шыңы. «Төремұрат» жобасындағы балаларға кейде жетістікке жетудің жолдары туралы айтып беріп отырамын.

Мотивация көзі

Мотивацияны адам өзіне өзі береді. Бірақ жас кезіңде ол қолыңнан келмеуі мүмкін. Ол өз басымнан өтті. Кішкентай кезімде, мотивация жетіспеген соң, анам кітап оқы деді. Сонда жатып алып кітап оқи беретінмін. Кейде жалығып кетсем, кітапты теріс айналдырып алып, өтірік оқитынмын. Ол кезде кішкентаймын ғой. Ал қазіргі уақытта мотивацияны кітаптан, естіген, көрген, білген-түйгендерімнен аламын. Кейде мен мотивация берген адамдардың жетістікке жеткендерін естіуім де маған үлкен күш береді.

Менің стилім – басынан бастап ойластырылған нәрсе

Менің стилім – басынан бастап ойластырылған нәрсе. Адам естімей, тыңдамай тұрып, көзбен көреді ғой. Бірден әсер ету үшін де шашымның түсін осылай боядым. Оғай дейін мен де басқа дәстүрлі өнер иелері сияқты сахнаға бас киіммен, қос етек көйлекпен шығатынмын. Бес жылдық үзілістен кейін бір жаңашылдық керек болды. Сол себепті де осындай стильмен шығып жатырмыз.

Күйші Сабира Бибатырова, сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
Күйші Сабира Бибатырова, сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Күйшіден кеңес

Қандай өнерге болса да, баланы ерте жасынан бастап тәрбиелеген дұрыс. Оның өнер адамы болып кетуі міндетті емес. Егер баланың бойында бір өнері болса, ол достарынан бір қадам ілгері тұрады. Сіз қайда барсаңыз да, адамдарды тек өнеріңізбен ғана таң қалдыра аласыз. Сондықтан да, ата-аналарға балаларыңызды өнер үйірмелеріне беріңіздер деген кеңес айтқым келеді.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.