Мен жастарға сенемін

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыттарын негізге ала отырып, әр түрлі шығармашылық салада бақ сынаған, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған дарынды өнерпаз студенттерді марапаттау мақсатында ұйымдастырылған жоба биылда өзінің мерейлі 5 жылдығымен ерекшеленді.

«Менің елімнің инновациялық дамуына қосатын үлесім» үздік студенттік инновациялық әлеуметтік-маңызды жоба, «Мен елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты эссе байқауы, «Мен жастарға сенемін!» үздік студенттік поэзиялық туынды, «Мәңгілік ел мұратым!» атты патриоттық ән аталымдары бойынша сайысқа түсіп, іріктеудегі екі мыңға жуық дарынды студенттердің ішінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандар Алматы төрінде, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында салтанатты түрде марапатталды. Еліміздің 14 облысының 69 жоғарғы оқу орнынан келген талапты студенттердің әрқайсысы форумның басты сыйлығы Қазақ Ұлттық Университетінде бір жыл тегін оқу сертификатына лайық екендерін көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Жандану әлемі» жекеменшік қоры, Астана қаласы «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар қанаты, «Bugin Group»,  «Jekа» doner house компаниялары сондай-ақ, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы және тағы да басқа қолдаушылар ұсынған бағалы сыйлықтармен мараптталды.

Форум барысында қонақ болған эстраданың жарық жұлдыздары «Алау»тобы, Өктем Алтаев, жас әнші Абзал Жаңабаев сондай-ақ шоу балет «Бахыт» би тобы өнер көрсетті.

Әр аталым бойынша тағайындалған номинацияларды байқау әділқазылары мен жекеменшік баспасөз орталықтары ұсынды. Атап өтетін жайт аталмыш жобаның сәтті ұйымдастырылуына жылда мұрындық болып, университетіміздің мәдени дамуына зор үлесін қосып жүрген жастар жанашыры, Заң факультетінің «Азаматтық құқық және азаматтық іс-жүргізу, еңбек құқығы»  кафедрасының аға оқытушысы Гүлнұр Худайбердинаға жастардың ықыласы зор. Форум барысында аталмыш кеш жайында сұрақтарымызға жауап іздеп, Гүлнұр ханымды сөзге тартқан едік: «Ең алдымен, атаулы мерекеміз Тұңғыш Президент күнімен барша қазақстандықтарды құттықтағым келеді. Бүгін расымен, біздер үшін де, қатысушылар үшін де ерекше күн. Тыңғылықты дайындығымыз жерге қаратпай форумды сәтті өткеріп жатырмыз, еңбегіміздің ақталғаны қуантады. Сондай-ақ, жеңімпаздарымыздың да бүгін өміріндегі айтулы, ұмытылмас күндерінің бірі болмақ. Енді олар еліміздегі ең үздік оқу орнында тегін оқу мәртебесіне ие болды. Оларды шын жүрегімнен құттықтаймын. Осындай дарынды, талантты, намысқой жастарымыз барда, мен ойлаймын, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ел болашағы үшін алға қойған басты мақсаттары сөзсіз, орындалады. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі үздік университеттердің қаймақтары біздің қара шаңырағымызда бас қосты. Бұл да біз үшін үлкен қуаныш. Жастардың жалынды талабын көрген сайын біздер де оларды қолдау үстіне қолдай беретін боламыз» — деп ақжарма тілегімен қоса үкілі үмітін де сабақтап жеткізді.

Форум қорытындысында барша қатысушылар мен көрермендер «Атамекен» әнін бірге шырқады.

Патриоттық рух пен бекзат сезімдер сыйлаған форум келесі жылы да жалғасын тауып, ұлтжанды жастардың талабы мен талантын шыңдай беретініне кәміл сенеміз!