Басты бетЖаңалықтар«Астана Опера»...

«Астана Опера» театры Еуропаға гастрольдік сапармен барады

Өнер ұжымы Будепештте және Печ қаласында өнер көрсетпек. Қызықты концерттік бағдарламаны Ференц Лист Музыкалық академиясының атақты концерт залында және ұлы мажар композиторы Золтан Кодай атындағы әйгілі концерт залында ұсынады (Kodaly Center, Печ).

«Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедияровтың айтуынша, ұжымның мақсаты — шетелдіктердің еліміздің мәдениетіне деген қызығушылығын ояту.

«Гастрольдеріміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына бастамашылық етті. Мақсатымыз — мәдениетімізге көпшіліктің назарын аудартып, Қазақстанға келуге ниет білдіретін жаңа достар мен өнер сүйер қауымға ие болу. Театр ұжымы толық құрамда ұсынылады. Көрерменнің алдына «Астана Операның» хоры да шығады», — деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедияров.

Гастрольдік бағдарламада атақты қазақстандық композиторлардың туындылары — Т.Қажығалиевтің «Дала аңызы», М.Төлебаевтың «Айтысы», «Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйі, Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсынан Қамар мен Ахметтің дуэті, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Қарлығаш» биі енген. Сонымен бірге Дж.Вердидің «Трубадур» операсынан граф Ди Луна мен Леонораның дуэті, Дж.Россинидің «Семирамида» операсынан Семирамиданың каватинасы орындалады.

Концертке көптеген әлемдік сахнаны бағындырған солистер қатысады. Олар қазақстандық опера дивасы, театрдың жетекші солисі Майра Мұхамедқызы, опера примасы Салтанат Ахметова, театрдың жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина.

Айта кетейік, ұжым 22 желтоқсанда Печ қаласындағы алғаш өнер көрсетсе, 23 желтоқсанда әртістер мажар астанасы — Будапештте концерт береді.