БҚО-да биыл 1300-ден астам жас сарбаз еңбек етті

Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Аян Сакошев арнайы аталымдар бойынша студенттерді марапаттады.

Бүгін облысымыздың, қаламыздың тазалығы, жаңарып, жаңғырып, көркеюі үшін жаз бойы бел жазбай жұмыс істеген құрылыс және еңбек жасақтары биылғы жылдың еңбек вахтасын аяқтап отыр. Сіздерді осы үлкен қуанышты оқиғамен құттықтаймын. Ел, халық игілігі жолында еткен еңбектеріңіз ескерусіз қалмайды. Айрықша көзге түскен жастар осы жерде арнайы марапатталады. Сіздерге тілейтінім — оқуда да, еңбекте де үздік болыңыздар. Елбасы болашақ жастардың қолында деген сөздерді біздерге қаратып, сеніммен айтты. Сондықтан, сол сенімді ақтау үшін қажыр-қайратымызды аямай, білегімізді сыбанып жұмыс істеуіміз керек. Сонда ғана еліміздің келешегі кемел, болашағы жарқын болмақ,- деді А.Сакошев.

Студенттік құрылыс жасақтарының құрамында еңбек еткен Абылай Қонысбаев «Үздік командир», Гүлнара Мырзабаева «Үздік сарбаз» аталымдарымен марапатталып, оларға арнайы статуэтка табысталды. «Үздік жасақ» болып М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенттерінен құралған «Барыс» студенттік құрылыс жасағы атанды. Ал «Үздік жұмыс беруші» аталымы «СВ ПЛЮС» құрылыс компаниясына бұйырды.

«Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының құрамында еңбек еткен сарбаздар арасында «Үздік командир» Айдана Дузбасова, «Үздік сарбаз» Ғимран Тілепов, «Үздік жасақ» «Мәңгілік жасыл ел» жасағы, «Үздік ұйымдастырушы» Оралбек Алибаев атанды. Сонымен қатар қаланы көгалдандыру жұмысына белсене қатысқан жас сарбаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.