Дубай, Қытай, Ресей халқы қазақстандық ғалым Ержан Нурединовтің "ақылды ағаш" жобасына қызығып отыр. Күн мен желден энергия алатын құрылғы ЭКСПО-ға ұсынылғанымен, мемлекеттен еш қолдау таппаған. Қаражат жетіспегендіктен ғалым патентінің 10%-ын сатқысы келеді.

Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

Идея қайдан келді?

Жобаның идеясы туралы 3 жыл бұрын ойландым. Өзім ғылыми-танымдық “Discovery Channel”, “National Geographic”телеарналарын көп қараймын. Басында жасыл энергияға қызығушылығым болды. Оның қаншалықты пайдасы бар, болашағы туралы зерттей бастадым.

Негізі, менің энергетика саласында бірнеше жобам бар. Онға жуық жобаны бір уақытта іске асыру қиын болғандықтан, сүйікті жобаммен ғана айналысып жүрмін. Осыны іске асырғасын алға қарай басқа жобаларымды көрсетемін. Олар әлі идея күйінде тұр. Патенттеген де жоқпын. Осы “ақылды ағаш” жобансын өзін патенттеуге 2 жылдай уақытым кетті. Өз авторлығыңа алу оңай емес екен.

“Ақылды ағаштың” үлгісі©Автордың жеке мұрағатынан

Менің жұмыс жасап жүрген жобам – күн мен желден энергия алатын “ақылды ағаш”. Оңтүстік Америкада саманея деген терек бар. Оны кейде “жаңбыр ағашы” деп те атайды. Жобаның дизайны ағаш тәріздес қолшатырға ұқсас келеді. Ең бірінші, саманея ағашын көргенде “неге күн мен жерден энергия алатын ағаш жасамасқа?” деп ойландым. Әлі күнге дейін мұндай жоба кездеспегендіктен, іске асыруға жұмыстандым. Қазір жобаны толығымен патенттеп алдым.

Бұл жобамен айналысқаныма 3 жылдай болды. Идеямды іске асырып, қазір прототипін жасап бітірдім. Жобаның үлгісі ретінде биіктігі 6 метрлік прототипі де жасалды. Оны Алматыдағы жарық шамдарын шығаратын “Тексан” компаниясымен бірлесіп шығардық. Енді университетке қондыруға алып келу керек. Әкімшілік бұл құрылғыны қаламыздағы Исатай-Махамбет алаңына орнатуға рұқсат беріп тұр.

“Ақылды ағаш” қалай жұмыс істейді?

Құрылғының басты мақсаты – күн мен жерден энергия алу арқылы адамдарға жағдай тудыру. Ағаштың  айналасынан 150 метрлік тегін интернет желісі орнатылады. Сондай-ақ, электронды құрылғыларды тегін қуат көзіне қосуға болады. Ағаштың астында терминалдар, кофе-автоматтар, адамдарға ыңғайлы демалыс орындары қойылады. Солар арқылы пайда түсіруге де болады. Теректің 4 жағында 4 дисплей болады. Біреуі қаладағы ауаның қысымын, уакытты және температураны  көрсетіп тұрады. Ал қалған іш жағындағы дисплейлер жарнама көрсетеді. Жарнамадан бос кезде жастарға ғылыми-танымдық жасыл технология туралы деректі фильмдер немесе кішкентай балаларға арналған мультфильмдер жіберіп қоюға болады. Бір қызығы – күн панелдері жазда шаңнан, қыста қардан өзін-өзі ауаның қысымымен тазартып отырады.

Осы жобаны ойластыруыма ЭКСПО-ның көмегі тиді деп айтсам болады. Көрме “Болашақ энергиясы” деп аталғасын соған үлесімді қосу мақсатым болды. Қанша талпынғаныммен, мемлекет жағынан еш көмек болмады. Себебі, қайда барып көмек сұрасам да, әкімшілік те “бізге мемлекет жағынан көмек қарастырылмаған” деп айтып құтылады. Немесе бір-біріне сілтеп қоя салады.

Ержан Нурединов ҚР Білім және ғылым вице-министрі Амрин Асланбекпен бірге©Автордың жеке мұрағатынан

Бұл жоба бойынша шетелден де бізге хабарласуда. Мәселен, Мәскеу, Рудный, Санкт-Петербург, Астраханнан соғып жатыр. Жеке тұлғалар өздерінің ауласына қойғысы немесе қалаларынан бизнес ашқысы келеді. Оларға өндіріске шыққанда хабарласамын дедім. Ал оған қымбат құрылғылар керек. Қаржыландыру жағынан еш қолдау жоқ. Жақында патентім дайын болады.

“Патентімнің 10 пайызын сатқым келеді…”

Мен осы жобаммен БҰҰ ұйымдастырған конкурсы іріктеуінде бестіктің ішіне кірдім. Алайда, халықтық дауыс беруден екіліке кіре алмадым. Онда тек бір ғана жоба өтетін болды. Көрме басталған кезде ЭКСПО-ға ұсынып көрдім. Олар: “біз ЭКСПО-ның өтуіне ғана жауап беретін ұйымбыз, стартаптарға көмектесе алмаймыз. “НАТР”, “ДАМУ” сияқты ұйымдардан көмек сұрап көріңіз”, – деді. Мен оларға да жаздым. Бірақ, кепілдік сұрады. Қазір қаражат жағы қиындау болып тұр. Осы жақында патентімнің 10 пайызын сатқым келеді. Еліміздегі осы саладағы қалталы азаматтарға жаздым. Әзірше көмек жоқ. Көбі бұл саланы түсінбейді. Мұнайға сеніп алған соң ба, бұл саланың қаншалықты маңызды екенін көбі әлі білмей жатыр. Дубайдан, Қытайдан осы жобаны толығымен сатып алғысы келетін бизнесмендер бар. Бірақ, толықтай сатпауға тырысамын.

Ержан Нурединов әріптестерімен©Автордың жеке мұрағатынан

Қазақстандағы 15 шақты стартап жобаларға қатыстым. Жартылай финалға дейін өткен кездерімде болды. Финалга дейін өтпеген себебім ол кезде жобамның дайын үлгісі болмады. Ол кезде патентім де жоқ.  Жақында БҰҰ ұйымдастырған байқауда 64 елдің ішінен осы “ақылды ағаш” жобасы үздік 5 жобаға кірді. Алдағы уақытта ішінен біреуін таңдап 15 мың доллар береді. Бұл жобаларды желтоқсанда 100 мемлекеттен келетін министрлерге көрсетпек.

Болашақта осы жобам іске асса, өзімнің ашып қойған жеке кәсібім бар. Аз дегенде 200, тіпті 500 адамды жұмыс орнын ашуға болады. Мамандар Атырауда жоқ болған соң, басқа қаладан шақыруға тура келеді.

Энергия үнемдеу үшін:

  • Біз қарапайым өмірде электр шәйнегі, тефальдарды қойғанда, суын толтырып қайнатамыз. Негізі қанша стакан шәй ішіледі, сонша мөлшерде құю керек.
  • Үйден шыққанда ток көздерінің бәрін ажырату керек. Ток көзінде қосулы қалып, жұмыс жасап тұрмаса да энергия кетеді.
  • Бөлмеден шыққанда электр шамдарын сөндіру керек. Офисте де күндізгі уақытта жарықты өшіріп қою тиімді.
  • Осы жерде электр шамдары туралы айта кетейін. Күнделікті қолданатын қарапайым шам 100 Ватт энергия алады. Ал энергия үнемдеуші шамдар 7-10 Ватт алады. Яғни, бұлар 10 есе энергия аз алады. Сондай-ақ, жарамды мерзімі қарапайым лампамен салыстырғанда 10 есе көп. Олардың адамның көзіне, денсаулығына зияны жоқ.

Қазір Қазақстанда жасыл энергиядан алатын энергия мөлшері – 1% күн мен желден, қалғаны гидроэнегретикадан, көмірден, газдан және мұнайдан алады. 2020 жылға дейін негізі 3 пайызға өсіру керек деген стратегия бар. Қазақстан осыған үміт артып отыр. Күн мен жел, жалпы табиғатқа ақша төлемейсіз. Тек тегін энергияны пайдалана білу керек. Пайдасы – табиғатты ластамайды, зияны жоқ. Энергия үнемдеу арқылы көп пайда тигізуге болады.

Сұхбаттасқан және суретке түсірген Айзада Жайыққызы

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.