Басты бетЖаңалықтарНазарбаев зияткерлік...

Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі өңір мектептеріне енгізілмек

Жиынды ашқан облыс басшысының айтуынша, Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша ашылған Назарбаев зияткерлік мектептері әлемдік тәжірибені қолданып отырған республикамыздағы алдыңғы шептегі білім ұялары болып саналады. Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінен білім алғандар да далада қалып жатқан жоқ. Олар елімізді айтпағанда, әлемнің белді оқу орындарында оқып жүр.

 Біздің алдымызда тұрған міндет — Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін өңіріміздегі барлық білім ошағына енгізу. Осы мәселе бойынша жұмыстану мақсатында Күләш Шамшидинованы облысымызға арнайы шақырдық. Біздің шақыруымызды қабыл алғаныңыз үшін Күләш Ноғатайқызына өз ризашылығымды білдіремін,-деді Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде сөз алған мәртебелі мейман жаңартылған білім мазмұнының мәні мен маңызы жөнінде баяндады.

Қазір әлем өзгеруде, яғни жаһандану, климаттың өзгеруі, көші-қон процесі жүруде. Сөйтіп саясат, экономика, білім бәрі жаңа арнаға бет бұрып жатыр. Бұл үрдістен бала да тыс қалмайтыны белгілі. Жаңартылған білім жүйесінің қажеттілігін осыдан-ақ көруге болады. Жазғы демалыс кезінде бастауыш мектептің 73 мыңнан астам пән мұғалімдері мазмұны жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша курстан өтті. Ұстаздарды оқу қорытындылары бойынша бағалау рәсімі ұйымдастырылды.

Педагогтарды қолдау үшін курсты аяқтаған кезде әрбір мұғалімге сыныптағы толыққанды жұмыс үшін қажет электрондық ресуртардың толық жинағы үлестірілуде, — деді К.Шамшидинова.

Жиын барысында қаладағы, аудандардағы мектептердің директорлары, аудандық білім бөлімдерінің басшылары, педагогикалық шеберлік орталығының қызметкерлері бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Шара соңында БҚО әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ арасында меморандумға қол қойылды.