Балаларға арналған салт-дәстүрлерді білесіз бе?

«Құрсақ той» қашан жасалады?

Балаларға арналған салт-дәстүрдің басы «құрсақ тойдан» басталады десек қателеспеген болар едік. Себебі бұл мереке де — баланың қамы үшін жасалатын жоралғы. Алайда «құрсақ тойды» қазіргі уақытта әркім әртүрлі өткізіп келеді. Шындығында оның өз алдына қойған мақсаты бөлек. Тойды үйдің үлкен анасы өткізеді. Ол келіннің және құрсақтағы нәрестенің амандығын тілейді де, көрші-қолаңдарына, туыстарына «құрсақ той» өткізіп береді.

Қазақ қызы, ұлттық киім
©massaget.kz

Тойға келген әйелдер өздерімен бірге түрлі дәм алып келеді. Мұндағы мақсат: әр дәмнің арасынан жас келіннің жерігін табу. Қонаққа келген әйелдер қолжаулықтарын үй босағасына іліп кетеді. Бұл – қол-аяғымыз жеңіл болсын, үйдегі бақыт бізбен еріп кетпесін деген ырым.

«Жарыс қазанда» кімдер жарысады?

Бұдан кейінгі балаларға қатысты салттың бірі — «жарыс қазан». Ананың толғағы қысып, жиілей бастағанда, жеңіл болсын деп сол ауылдың пысық әйелі ошақ көтеріп, қуырдақ қуыра бастайды. Жарыс қазан асудағы себеп қазанмен бірге толғақ жилейді, тамақтан бұрын бала туылады деп ырымдағаны.

қазан асу, ұлттық тағам
©еgemen.kz

«Шілде күзет» дегеніміз не?

Бала дүние есігін ашқаннан кейін жасалатын ең алғашқы мереке — шілдехана. Мәні нәрестені қорғап, «күзету» деген сенімге саяды. Сондықтан оны “Шілде күзет” деп те атайды. Бұл ғұрыптың түпкі мәні бала мен ананы тіл-көзден сақтау, қорғау дегеннен туындаған. «Чілле» парсы тілінен аударғанда «қырық» деген мағынаны береді. Дәстүрлі қазақ қоғамында бала үшін туғаннан 40 күнге дейін қауіпті кезең саналған, оған дейін нәрестеге көп адамды жолатпай, бала мен анасын жақсылап күткен. Бертін келе шілдехана ұлттық ойын-сауық кешіне айналған. Бұл мерекеде алыс-жақын нәрестелі үйге «бауы берік болсын» айтып, сыйлықтарын береді [1].

Бесікке салу ана әже сәби
©tengrinews.kz

«Қалжа» кімге беріледі?

Қалжа — жас босанған әйелге берілетін тағам. Оны әйелдің төркіні алып келеді. Қалжа ретінде қой еті беріледі. Бұл -ананың тез қуат алуы үшін, бала тез ширауы жасалатын ғұрып. Мал сойылып, еті желінгеннен кейін, мойнын қырық күнге дейін іліп қояды. Бұл — баланың мойны берік болсын деген ырыммен жасалатын амал.

Бесік той

Жаңа туылған баланы бесікке бөлеу жорасы «бесік той» деп аталады. Үй иесі бұл мерекеге ауыл әйелдерін, баланың кіндік шешесін шақырады. Қонақтар балаға арнап шашу, жейде, көйлек тәрізді сыйлықтарын әкеледі. Баланы бесікке бөлеуді халқымыз өнер деп таныған. Бесік тойға келгендердің арасынан жолы үлкен тәжірибелі бір әйел баланы бесікке бөлейді. Бұл кезде түбектің тесігінен балаларға тәтті, бауырсақ, құрт-ірімшік (тыштыма) үлестіреді. Баланы бесікке бөлеген әйелге тиісті кәде беріледі. Ал босанған ана тәжірибелі әйелдің бесікке бөлеу өнерін үйренеді [2].

бесік, сәби
©tengrinews.kz

Баланы қырқынан шығару

Дүниеге келгеніне қырық күн толғаннан кейін сәбидің шашы, тырнағы алынады. Бұл -өте мұқияттылықты талап ететін жоралғы. Себебі еңбегі қатпаған баланың шашын алу кезінде өте абай болу керек. Алдымен баланы 40 қасық суына жуындырады. Ұрпағы өсіп-өнген қария әже суды баланың үстіне құйып тұрып “30 омыртқаң жылдам бекісін, 40 қабырғаң жылдам қатсын” деп тілек айтқан. Бұл тойға жиналған адамдардың әрқайсысы нәрестені шомылдыратын ыдысқа ырымдап 40 қасық су құяды, шомылдырған ыдысқа “Күні күмістей жарқырап тұрсын” деп күміс сақина, жүзік сияқты әшекейлер салынады. Шомылдыруға көмектескен әйелдер сақиналарды өзара бөліседі.

Осы мереке кезінде сәбидің қырық күн кезінде киген жейдесін (ит көйлек) шешіп алып, оған құрт-ірімшік, тәттілерді түйіп, бір иттің мойнына байлап қоя береді. Ауыл балалары итті қуып ұстап, тәтті, құрт-ірімшіктерді таласа-тармаса жейді.

Тұсау қалай кесіледі?

Жасқа толып, енді ғана қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басқан, жүруге талпынған сәбиге арнап, ата-ана «тұсау кесу» тойын жасайды. Оған туыс-туған, көрші-қолаңдар шақырылады. Олардың арасында жолы жақсы ақ көңіл адамның біреуі тұсау кеседі.

Баланың аяғын ала жіппен немесе қойдың майлы ішегімен, яки көк шөппен байлайды. Оны өткір кездікпен кесу керек. Ала жіппен байлап кесудің мәнісі — ешкімнің ала жібін аттамай, адал өтсін деген тілектен туған. Ал майлы ішекпен байлап кесу ешкімді жатсынбай майлы ішектей араласу, елгезек, бауырмал өтсін дегенді білдіреді. Көк шөппен байлап кесу баланы көктей қаулап тез жетілсін, көбейіп-көктесін дегенді білдіреді [2].

Жауынгер баланы тәрбиелеу

Атқа мінгізу — ұл баланың сәбилік шақтан балалық шаққа өтуін айғақтайтын рәсім. Ол баланың буыны бекіп, 4-5 жасқа келгенде немесе ат үстінде өзін ұстай алатын болғанда шағында жасалды. Себебі халқымыз ертеден ер баланы жауынгер етіп тәрбиелеу, еңбекке баулу мақсатын көздеген. Балаларға арналып алдын ала ат дайындап ер-тұрман әзірлейді. Оны халқымызда «ашамай» деп атайды. Ашамайдың ер сияқты екі қасы (алдыңғы және артқы), екі қапталы, оқпаны болады. Үзеңгінің орнына тепкішек қолданылады. Баланы атқа мінгізген күні арнайы атқа мінгізу тойы жасалады.

атқа міну, жылқы, бала
©ok.ru

Сүндет той

Бұл той қазақ халқы арасында Ислам діні тарағаннан кейін қалыптасқан. Шариғат заңы бойынша ұл баланы бес жас немесе жеті жаста сүндетке отырғызады. Той кезінде сүндеттелген баланың басына немесе иығына үкі тағып, жиынды аралатады, барған жердегі адамдар шашу шашып құттықтайды. Сүндет той әр адамның әл-ауқатына қарай өткізіледі. Дегенмен тойшыл қауым бұл мерекеде де бәйге, балуан, қыз қуар, теңге ілу, жамбы ату, т. б. ойындар ұйымдастырады, түрлі салтанатты салттар өткізеді.

Тілашар тойы

Тілашар тойы — баланың тілі тез шықсын деген ниетпен жасалатын рәсім. Оған ауылдың ділмар, шешен ақсақал, қариялары шақырылады. Той кезінде олар «Тілің тез шықсын!» деп, сәбиге қойдың тілін жегізеді. Ертеректе баланы қой ішігемен буындырып тұрып, «Сөлейсің бе?» деп үш рет «сөйлеймін»деген уәде алған. Бұдан кейін ақсақалдар балаға «Сандуғаштай сайрап кет!», «Жиреншедей көсем бол, Жәнібектей көсем бол!» деген секілді ақ баталарын берген [3].

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998
  2. Hibatulla.kz, «Қазақ балаларына байланысты салт-дәстүрлер жайлы»
  3. Кенжеахметұлы С. К – 30 Қазақ халқының салт – дәстүрлері. – Алматы: «Алматыкітап баспасы» ЖШС, 2010. – 312 бет

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.