Жаттығу залына бару үшін нені білу қажет?

Тер төгіп жаттыққан жаттығуларыңыз денеңізді сымбатты етсін десеңіз барлық нюанстарын есепке алу керек. Ең басты неге назар аудару керек екенін маманның өзі әңгімелеп бермек.

Зоя Райымбаева, «Орхидея» жаттығу залының жаттықтырушы

  • Залға келушілер көп. Бірақ жаттықтырушымен дайындалатындар да, өз еркімен дайындалғанды жөн көретіндер де бар. Кейбір жаттығушылар белгілі-бір уақытта нәтижеге қол жеткізу үшін, 4-5 сағатын жаттығу залына бөлуге дайын. Сондықтанда олар жаттықтырушының көмегіне мұқтаж. Бұл жерге қыздар артық салмақтан арылуға немесе дене бітімін қатайту мақсатында келеді. Ал ер балалар салмақ жинап, бұлшық еттерін қатайтуды көздейді.
  • Жаттығу залына алғаш келуші жандар үшін өз еркімен дайындалу қиынға соғады. Себебі, олар жаттығу ретін білмей денеге артық күш түсіріп, денсаулығына зиян тигізіп алуы мүмкін. Соның ішінде бел ауруы, қан қысымының жоғары не төмен болуы, яғни денсаулығының шамасы жетпейтін жаттығулардан бастамаған абзал. Артық салмақ тастаймын, немесе керісінше салмақ жинаймын деушілерге жаттықтырушы көмегі міндетті түрде керек. Әр жаттығушыға арнайы уақыт мерзімімен бағдарлама құрылып, әрбірімен жеке жұмыс жасалынады. Сол бағдарлама бойынша жаттығу түрлерін қалай орындау қажет екені және орындау ретімен көрсетіледі. Себебі бір мақсатты көздегеннен кейін, жаттығу тәртібін бұзбаған жөн. Артық салмақ тастаймын деушілерге жаттығу түрінің 5 кезеңі бар және ол күнделікті қайталынбайды. Себебі үнемі спортпен айналыспағандардың ағзасына физикалық тұрғыдан ауыр соғады.
  • Жаттығу залына келушілердің ең үлкен қателігі бірден ауыр жаттығулардан бастау. Ең алдымен дене қыздырып алғандары жөн. Cебебі, бірден ауыр жаттығудан бастап, арыламын деген салмақты екі есе қосып алулары ғажап емес. Одан бөлек, иммунитеті төмен адамдардың қан қысымының бірден көтеріліп кетуі, бас айналу, тез шаршап қалуы, денесіне зақым келтіріп алу және сіңірдің шектен тыс созылуы дұрыс жаттығу жасамағаннын нәтижесі.
  • Өз еркіңмен дайындалудың тағы бір әсері, ол – бұлшық етіңнің жиырылып, қатып қалуы, яғни бұлшық етіңнің дұрыс таралмауы. Ер адамдар үшін бұл үлкен мәселе. Артық салмақтан арыламын деушілерге де бұл бас қатырарлық жағдай. Дұрыс жаттығу жасамау әсерінен майдан арылу орнына оны қатайтып алуыңыз әбден мүмкін.
  • Жоғарыда атап өткендей, әр адам ағзасы мен көздеген мақсаты немесе сырқаты әртүрлі болғандықтан, құрылатын кестесі де соған сай болмақ. Мысалыға, кейбір жаттығушылар кестесінде дайындық кезінде су ішу міндетті түрде пайдаланылатын қалыпты жағдай, ал кейбіреулерінде жаттығу аяқталғанға дейін су ішуге тыйым салынады. Себебі, әр адамның жаттығу жасау нормасы әртүрлі.

Серік Аманғали, 26 жаста: Осы жаттығу залында дайындалып жүргеніме төрт жарым айдың көлемі өтті. Мақсатым салмақ жинау болды. Басында жаттықтырушы көмегіне жүгінбедім. 1 айдан бері ешқандай нәтиже шықпаған соң, залды ауыстырдым. Бірақ одан да түк өзгермеді. Кейін достарымның кеңесі бойынша, жаттықтырушымен бірге дайындалатын болып шештім. Содан бері көп уақыт өтпесе де, нәтиже байқалады. Алғашында қатты шаршап, денемнің ауырлығын сезінетінмін. Қазір керісінше өзімді жеңіл әрі сергек сезнемін. Жалпы, жаттығу залына барғанда жаттықтырушымен дайындал дұрыс.

Мәрзия Бақытқызы, 54 жаста: Мен үнемі денсаулығыма да, дене бітімі ме қатты қарайтын жандар қатарынанмын. Жаттықтырушының да, басқа ешкімнің де көмегіне зәру емеспін. Неге десеңіз, мен бұл жерге арықтау немесе тағы басқа мақсатта келмеймін. Бастысы өзіме қатты бір күш түсірмей, шамам келген жаттығулармен айналысып тұрсам болғаны.

Лаура Дулат, 19 жаста: Жаттығу залына келудегі мақсатым артық салмақ тастау болғандықтан, бірден жаттықтырушымен дайындалуды жөн көрдім. Себебі, өз бетіммен ешқандай да қуантарлық нәтижеге қол жеткізе алмасымды білдім. Қазір осында жаттығып жүргеніме екі ай көлемі болып қалды. Едәуір салмақтан да арылдым. Менің қол жеткізген нәтижем жаттықтырушымның еңбегі деп білемін.

Одан өзге уақытылы жүріп, уақытылы тамақтану керек. Жаттықтырушыға ақшасын төлеп қойған соң, қашан келіп, қашан келмеймін десеңіз де, тіпті мүлде келмеймін десеңіз де бәрібір болуы мүмкін. Сыйластығыңызды, адамгершілігіңізді жаттығуға кешікпей келумен көрсете біліңіз. Уақытылы жүріп тұрмасаңыз, қалаған нәтижеге де межелі жете алмассыз. Күніне жаттығуға, жүріп-тұруға қанша қуат жұмсасаңыз, сонша тамақ жеуіңіз керек. Тамақтану тәртібіңізді ретке келтіріңіз және жаттығу залында тамақтанбаңыз. Залға келер алдында жақсылап тамақтанып алыңыз. 

Еркеназым Битугаева