Оралда «бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті

Облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мержан Әбілқастың айтуынша, дәл осындай шара жыл басынан бері үшінші рет өткізіліп отыр. Жәрмеңкеге облыстағы мемлекеттік және жеке секторда еңбек ететін 48 жұмыс беруші қатысып, келушілерге 868 бос орынын ұсынды. Жастар жағы, әсіресе, аудандарға баруға құлықты.

«Мен оқуымды сырттай бөлімде жалғастыруға өтініш берген едім. Енді, жұмыс іздеп, аудандарды аралаймын ба деп ойлап жүргенімде осы жәрмеңкеге тап болдым. Бір қуаныштысы, бұл жерде аудандардың өкілдері жұмыс ұсынып жатыр. Сол себепті, уақыт жоғалтпай ауылдық жерден жұмыс табатыныма сеніп отырмын», — дейді қаладағы жоғары оқу орындарының бірінің студенті Марат есімді жігіт.

Жәрмеңкенің жаңалығы ретінде бейнеэкрандардың кеңінен қолданылуын айтуға болады. Экранға шыққан бос жұмыс орындары туралы мәліметті үміткер сол бойда көзбен көріп, телефон арқылы тікелей тілдесуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, жәрмеңке шеңберінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары екі шеберлік кластарын өткізді. Онда дұрыс резюме жазу, әңгімелесуден өтудің қыр-сыры туралы кеңестер берілді.

Тоқтар Ғабдірешұлы