Алматыда халыққа мемлекеттік қызмет көмек көрсету жәрмеңкесі өтті

Жәрмеңке халыққа кеңес беру және әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді насихаттау мақсатында болды.

Алматы қаласы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің департамент директоры Айгүл Байханованың айтуынша, жәрмеңкеге 23 мемлекеттік ұйым қатысқан.

«Біз халыққа мемлекеттік қызметтерді қай жерден қалай алуға болатынын түсіндірдік. Қаламызда мұндай қызмет түрімен барлығы 48 мемлекеттік орын айналысады. Бүгін жәрмеңкеге 23 мемлекеттік ұйым қатысты. Халықтың көп сұранысына ие мемлекеттік орын — денсаулық сақтау басқармасы. Яғни, мемлекеттік қызметтердің 96 % осы басқармада жүзеге асады. Одан бөлек мемлекеттік кірістер бөлімі, көші-қон қызметі, білім беру басқармасын айта аламыз. Жәрмеңкенің басты мақсаты — тұрғындарға үйден шықпай-ақ, электронды түрде бәрін жүзеге асырылатынын түсіндіру. Бұл өз кезегінде адамдардың уақытын үнемдеуге көмектеседі деп ойлаймын», — деді Айгүл Байханова.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің департамент директорының орынбасары Шынарай Әлімханованың айтуынша, тұрғындар белгілі бір мәселе бойынша қайда барып құжат аларын білмейді.

«Тұрғындар белгілі бір мәселеге байланысты құжат жинау үшін қайда бару керек екенін білмей жатады. Біздің мақсатымыз — оларға мемлекеттік қызметті қалай алу керектігін түсіндіру болатын. Алдағы уақытта Алматыдағы басқа аудандарда да жәрмеңке өткізетін боламыз. Қай қызмет түрінің ақылы немесе тегін екенін де айтып береміз. Мұның тұрғындарға берері мол», — деді Шынарай Әлімханова.

Айта кетейік, 1 қаңтардан бастап Әділет департаменті жылжымайтын мүлікке құжаттарды жинауда тұрғындарға электронды қызмет көрсетеді.