Қазақстан Қытайға газ экспорттайды

Бүгін Астанадағы газ операторының бірыңғай диспетчерлік орталығында қазақстандық газды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан «Орталық Азия-Қытай» трансұлттық газ құбырына жіберу салтанатты рәсімі өтті. Оған ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Қайрат Шәріпбаев, «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры Рустам Сулейманов қатысты.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ газ тасымалдау және маркетингі жөніндегі вице-президенті Қайрат Шәріпбаевтің атап өтуінше, бұл — еліміздің экономикасын дамытуға да жаңа серпін беретін үлкен оқиға.

«Қазақстандық газдың Қытай нарығына шығарылуы Еуразиялық өңір елдерінің арасындағы сауда және көлік байланыстарын реттеуге, ортақ инфрақұрылым құруға бағытталған өзара тиімді қарым-қатынастар орнатуға ықпал ететін болады», — деді ол.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасында 5 млрд текше метр қазақстандық газды экспорттау туралы тарихи келісімшартқа қол қойылды.

ДереккөзInform.kz